Қоғам

Теміржолшылар Жолдау жайлы ой бөлісті

Бүгінде Оңтүстік Орал теміржолы Петропавл бөлімшесінде 6 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олар ресейлік теміржолда жұмыс жасағанымен барлығы да өңіріміздің тұрғындары, сондықтан елдегі оң өзгерістерге бей-жай қарамайды. Теміржолшылар жолдауда көрсетілген басым бағыттар жарқын болашағымыздың кепілі деп түсінеді.

 

Анатолий Самсонов, Оңтүстік Орал теміржолы Петропавл бөлімшесінің участок шебері:

-Әр адам өз ісіне адал болуы керек. Сонда ғана одан нәтиже шығады. Осыны атап көрсеткен Ұлт көшбасшысы біздің алдымызға үлкен міндеттер қойды. Соның бірі теміржол саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, одан әрі дамыту. Нұрсұлтан Назарбаев логистикалық орталықтардың жұмысын да жандандыруды алға тартты. Ал одан экономикамызға айтарлықтай пайда тиері сөзсіз.

 

Жолдау жүктеген міндеттерден елдің әр тұрғыны хабардар болуы шарт. Себебі ондағы көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Сонда ғана алға қойған межеге жете аламыз. Саусақ бірікпей ине ілікпейді. Оны Оңтүстік Орал теміржолы Петропавл бөлімшесінің ұжымы да жоққа шығармайды.

 

Әділ Мәкенов, Оңтүстік Орал теміржолы Петропавл бөлімшесінің бөлім басшысы:

-Петропавл бөлімшесі ресейлік кәсіпорынға қарағанымен тек өңіріміз ғана емес, барша еліміздің экономикасының дамуына үлес қосуда. Себебі Қазақстан мен Ресей арасындағы жолаушылар және жүк тасымалы біз арқылы өтеді. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің де транзиттік тауарлары біздің бөлімше арқылы жөнелтіліп жатады. Елбасының биылғы жолдауында көрініс тапқан көлік инфрақұрылымын дамыту тапсырмасын біздің ұжымымыз орындауға дайын. Себебі ол елізімдің одан әрі гүлденуі үшін қажет.

 

Теміржол саласын дамытуда бірінші кезекте логистикалық орталықтардың жұмысына баса назар аудару қажет. Ол жүк тасымалдауда кедендік рәсімдеу мерзімін қысқартып, экспорт пен импорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы жолдауы негізгі жеті басымдықтан тұрады. Құжатта барлық салаларды дамыту тұрғысында нақты тапсырмалар қойылған. Міндетті орындау баршамызға ортақ.

 

Самат Есмағи