Қоғам

Сот саласын жетілдіру

Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бірінші кезекте бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі мен құқықтық мәдениетімізді арттыру керек. Алдымызға осындай міндеттеме қойған ұлт көшбасшысы биылғы жолдауында сот жүйесін жетілдіру қажеттігін атап көрсетті. Бағыт айқын, ендігі кезекте ерінбей еңбек етуіміз қажет дейді солтүстікқазақстандық судьялар.

 

Гүлнар Мергенова, облыстық соттың судьясы:

– Сот саласы әртараптану үстінде. Бізде бүгінде экономикалық істерді қарайтын, қылмыстық істерді қарайтын ауданаралық, жасөспірімдер ісі жөніндегі соттар бар. Олардың барлығы бүгінде құқықтық актілерді жетілдіру тұрғысында жұмыс істеуде. Өткен жылы алға қойылған міндеттерді еліміздің сот корпусы толығымен орындады. Биылғы тапсырмаларды да солай еңсеретін боламыз.

 

Жаңа жолдауда Елбасы сот саласы ашық әрі мөлдір болуы керектігіне тоқталып, олар іс қарап шешім шығаруда жұмыстарды жылдамдату қажет екендігін атап көрсеткен болатын. Бұл ретте біздің өңірімізде де айтарлықтай жұмыстар атқарылуда дейді судьялар.

 

Гүлнар Мергенова, облыстық соттың судьясы:

-Бүгінде халық біз жүргізіп жатқан қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процестерімізді сайтымыздан көре алады. Сот отырыстарының бәрін аудио және бейнежазбалар жүргізіледі. Одан соттың қаншалықты әділ әрі мөлдір өткізілгендігін айқын аңғаруға болады.

 

Бүгінде өңірімізде 23 сот жұмыс істейді. Ондағы еңбек ететін судьялар саны 106. Олардың бәрі ұдайы облыстық және жоғарғы соттарда өндірістік іс- тәжірибеден өткізіліп тұрады. Мақсат – мамандардың біліктілігін арттыру.

 

Самат Есмағи