Билік

Сергеевка қаласы әкімінің есебі

Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының 7376 тұрғыны бар. Хамит Наймановтың Сергеевка қаласында өмір сүріп жатқанына 26 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қаламыз көп өзгерді дейді зейнеткер. Дегенмен шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес.

 

Хамит Найманов, зейнеткер:

– Сергеевка қаласында салықтан түсетін қаржы жағдайды жақсартатындай емес. Өйткені, коммуналдық шаруашылықтарды техникамен қамтамасыз ету керек.

 

Есептік кездесуде Сергеевка қаласының әкімі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Шағын және орта бизнес мұнда жақсы дамып келеді. Өткен 2013 жылы жиһаз, бетон, пластикалық терезелерді дайындайтын 3 жаңа өндіріс орны ашылыпты. Сөйтіп, 20 адам жұмысқа тартылған.

 

Олег Банин, Сергеевка қаласының әкімі, Шал ақын ауданы:

– Сергеевка қаласында шағын бизнестің 515 субъектісі тіркелген. Оның 95 пайызын сауда саласы құрайды. Былтыр “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау” АҚ шағын несиелендіру бойынша 26 тұлғаға 54,6 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі берді.

 

Ал, жол мәселесіне келетін болсақ, Сергеевка қаласының көшелері 72,5 шақырымды құрайды. Оның 51 км-нің жағдай көңіл көншітерлік емес. Жол мәселесін шешу мақсатында былтырғы жылы аудандық бюджеттен 11 млн теңге бөлініп, көшелердің шұңқырлары жамалған. Қаланы абаттандыру жұмыстары да жүргізіліпті. Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында полиция бөлімшесі ашылыпты. Ал, су мәселесі де шешімін тауып келеді. Былтыр 37,8 шақырымдық жерге тіршілік көзі тартылыпты. 127 су бөлетін мұнара мен 111 өрттік гидрант орнатылған. Су құбырларын жөндеуге ағымдағы жылы аудандық бюджеттен 2,9 млн теңге бөлініп отыр. Ал, жарық мәселесіне келер болсақ, аталған қалада 7 көшеге электр шамдары орнатылған. Былтыр 21 үй қолданысқа тапсырылды.

 

Олег Банин, Сергеевка қаласының әкімі, Шал ақын ауданы:

-Елбасының биылғы жолдауында барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін міндеттер жүктелді. Соның ішінде моноқалаларды дамыту. Осы мақсатта біз өзіміздің тұрғылықты жерімізде көп жұмыстарды істедік. Алдағы уақытта жарықтандырылмаған көшелерге электр шамдарын орнатуды көздеп отырмыз.

 

Жергілікті емханаға 9 дәрігер қажет екен. Жиында халық бірқатар мәселелерді көтерді.

 

Анар Қажғұмарова:

– Менің сұрағым автобустардың қызмет көрсетуі жайы. Біздің мектепте соңғы сабақ кешкі 7-20-да аяқталады. Ал, автобустың соңғы рейсі 6-да. Бұған қарамастан көлік көп сынады, таңертеңгі уақытта болмайды. Не істеу керек?

 

Олег Банин, Сергеевка қаласының әкімі, Шал ақын ауданы:

– Бұл іспен айналысатын жеке кәсіпкермен өзім жеке кездесіп, проблеманы шешуге тырысамын. Және тағы бір рейс керек екендігін айтамын. Бірақ, оның техникасы ескі. Жүргізушілері де әрдайым ауысып отырады. Дегенмен олар барын салып жатыр.

 

Сергеевкада қоқыс уақытылы шығарылмайды. Тау-тау болып үйіліп жатады дейді тұрғындар. Тұрмыс қалдықтарын шығарумен жеке кәсіпкер айналысады. Оған әкімдіктің төлейтін қаржысы тапшы. Олег Банин бұл мәселені де жақында біржақты қыламын деп уәде берді. Оның қаншалықты орындалатыны уақыт еншісінде. Бірақ жергілікті тұрғындар үміттерін үзбейді.

 

Бану Ахметова