Мәдениет

“Мағжан” фильмі DVD-де шықты

 

Теріскейдің төрінде “Мағжан” фильмін түсіруші топ соңғы рет өткен жылдың жазында болып кеткен еді. Дарынды тұлға, ақиық ақынның 120 жылдығына арналған кинотуындының тұсаукесері маусым айында “Қазақстан” кинотеатрында өтті. Ал, желтоқсанның 28-нде фильмді түрік халқы тамашалады. Баспасөз мәслихатында режиссер мен актерлер Стамбулға сапар шеккендегі әсерлерімен бөлісуде.

 

Дарын Қалиев, актер:

– Мағжанды киносын көріп, білу үшін келген көрермендер, интеллигенция өкілдері, ол жақта білім алып жүрген өзіміздің қаракөз студенттер, қазақ балалары бүкіл залды толтырып, тіпті, балкондарына дейін ине шаншар жер болмады. Соны көрген кезде рухымыз асқақтады.

 

Фильм аяқталса да көрермендер тарқап кетпеген. Тағы 3 сағат отырып оның түсірілуі мен мазмұнын талқылап, әсерлерімен алмасыпты. Туынды бауырлас халықты таң қалдырғаны сонша, тіпті, жерлестерімізді телевизиясына қонаққа шақырған екен. Түріктер Мағжанды жақсы таныса да, оның өміріне кинематография арқылы тағы бір көз жүгіртуге мүмкіндік бергендері үшін қазақстандық бауырларына ризашылық білдіріпті. Енді, бұл туынды дүйім жұртқа қолжетімді болмақ.

 

Марат Қоңыров, «Мағжан» фильмінің режиссері:

-Бұл – DVD дискінің шығуы. Сол дискілерді алып келдік осында.

 

Таралым саны – 3 мың дана. Жуық арада өткен ғасырдың ұлы тұлғасы жайындағы фильмді кез келген адам тамашалай алады.

 

Әсем Жакина, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің оқытушысы:

-Бұл фильмнің тәрбиелік-танымдық рөлі өте зор деп ойлаймын. Яғни, қазіргі оқушылар үшін Мағжанды білемін, танимын, оның өмірімен, шығармашылығымен танысамын деген оқушылар үшін осы фильмді көру олардың таным көкжиегін кеңейтеді деп ойлаймын.

 

Тағы бір айта кететін жайт, фильмнің кейбір тұсы Қызылжар өңірінде де түсірілген екен.

 

Данаш Хамзина