Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жаңа кірпіш заводы мен үй құрылысы комбинаты ашылады

Кеңес дәуірінде дүрілдеп тұрған Петропавл электр оқшаулағыш материалдар зауытының есігіне тоқырау кезеңінде қара құлып ілінген болатын. Жекеменшікке өткен нысан ақырында қаңырап бос қалды. Бүгінде ғимараттардың қалқайған қабырғалары ғана тұр. «АИ ТИ Индастрис» фирмасының иелігінде болған нысан былтыр желтоқсанда соттың шешімімен қалалық әкімдіктің балансына беріліпті. Бұл жердегі екі нысанның жалпы аумағы 3 гектар. Одан бөлек тағы үлкен қоймасы да бар. Нысандар кез-келген өндіріс ошағын орналастыруға қолайлы.

Ғимараттың бүгінгі жәй-күйімен танысқан облыс әкімі оны кәдеге жарату керектігін атап көрсетті. Зауытттың жалпы аумағы 40 гектарды құрайды. Ол өндіріс саласын дамытуға қолайлы.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Өткен жылы біз үй құрылысы комбинатына қолайлы нысан қарастырған болатынбыз облыс орталығында. Мына жер оған тиімді екенін көрдік. Бүгінде ғимарат жекеменшіктен қалалық әкімдік балансына өтті. Енді бұл жерде “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, үй құрылысы комбинаты мен кірпіш зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Оған үкіметтен де қолдау болады деп ойлаймын.

 

Өндірістік аумақта орналасқан нысанда бұрындары барлық инфрақұрылым болған. Оларды қазіргі күні іске қосу да үлкен қаражатты қажет етпесі анық. Себебі барлығы жанында.

Облыс орталығында салынып жатқан жаңа элеватордың құрылыс барысы да өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Астық сақтау қоймасындағы жұмыстардың бүгінде жартысынан астамы еңсеріліпті. Жоспар бойынша сыйымдылығы 120 мың тоннаны құрайтын нысан осы жылғы орақ науқанына дейін тапсырылуы тиіс. Құрылғыларды монтаждау жұмыстары қыстың күні де жүргізілуде. “Бизнестың жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша қолға алынған жобаның жалпы құны 7,5 миллиард теңгені құрайды.

Облыс орталығындағы нысандарды аралау барысында Самат Ескендіровтың назарынан Қазақ саңыраулар қоғамының Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны да шет қалмады. Аталмыш мекеме бүгінде төсек-орын, арнайы киім тігумен айналысады. Өндіретін өнім түрлері 80-нің үстінде. Кембағал жандарды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған мекеме өткен жылы 110 миллион теңгенің тауарын шығарған. Алайда ол 2012 жылмен салыстырғанда қырық пайызға аз. Оны мекеме басшысы Василий Мироняк облыс әкімімен әңгіме барысында атап көрсетті.

Бүгінде аталмыш кәсіпорында 67 адам еңбек етеді екен. Әзірге өндіріс ошағы тоқтап тұр. Өйткені тапсырыс жоқ. Мәселені алға тартқан мекеме директоры облыс әкімінен осы жағына қолдау көрсетуді сұрады. Кәсіпорын жұмыссыз тұрғанымен мұнда уақыт зая кетпеуде, нысан ішіндегі тігін цехтарына жөндеу жүргізіліп жатыр.

 

Самат Есмағи