ТЖ

Петропавлда сауна күйіп кетті

 

“Постоялый двор” деп аталған саунадан қалғаны осы. Мұнда өрт қаңтардың 28-і күні түнгі сағат 2-де басталған. Дәл сол уақытта іште тек әкімші ғана отырыпты. Түтіннің шыққаны туралы өрт сөндірушілерге хабар берген де сол. Құтқарушылар келіп жеткенше ғимарат толығымен отқа оранған. Тілсіз жаудың күшті болғаны соншалық, 50 адам арпалысып, 11 техниканың көмегімен әзер сөндіріпті. Лаулаған отты ауыздықтауға 3 бөлімнің мамандарынан басқа, тағы “Қызылжар су”, “Өрт сөндіруші” АҚ солтүстікқазақстандық филиалы мен Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылған. Алайда, саунаны сақтап қалу мүмкін болмады. Ол түгелімен жанып кеткен.

 

Евгений Журавлев, СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:

-Өртке қарсы дабыл екі рет қосылғанымен, кеш хабарланған. Сол себепті, қосымша күштерді тартуға тура келді. Оған қоса, айнала 500 метр жерде ешқандай өрт сөндіру гидранттары болған жоқ. Осының бәрі тілсіз жаумен күресте қиындық туғызды.

 

Әйтеуір, өрт сөндірушілер оның дәл қасында тұрған дүкенге оттың жайылып кетуіне жол бермеген. Қазір тілсіз жаудың шығу себептері анықталуда.

 

Евгений Журавлев, СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:

-От электр тұстамасындағы қысқа тұйықталудан тұтанған деген болжам бар.

 

Абырой болғанда, бұл оқыс оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.

Жыл басынан бері облыс аумағында 69 өрт тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза тауып, 5-уі жарақат алған.

 

Данаш Хамзина