Спорт

Солтүстікқазақстандықтардың спорттағы жетістіктері сараланды

 

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – өткен жылы спорт саласында орын алған өзгерістер болды. Өңір халқының 25 пайызы спортпен шұғылданады екен. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 3685 адамға көп. Бүгіндері облысымызда 2200- ден астам спорт нысаны бар. Олардың 1819-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Жалпы аймақ спортшыларының жылан жылы бағындырған белестері жаман емес. Халықаралық және республикалық жарыстарда қоржынымызға 553 медаль салынса, соның 216- сы алтын.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Өңір спортшылары 4 жылда бір рет өткізілетін кешенді республикалық жарыстарда жақсы өнер көрсетті.ҚР 3-ші қысқы спартакиадасында солтүстікқазақстандық майталмандар 3-ші орынға тұрақтады. 2013 жылы жерлес спортшылар Азия чемпионатында 8 рет, Әлем чемпионатында 6 рет жеңімпаз атанды.

 

«Қызылжар- СК» футбол құрамасы өткен жылды нәтижелі аяқтады. 2012 жылы бірінші лига командаларының арасында 11 орында болса, қазір 4-ші орынға көтерілді. 2013 жылы Петропавлда олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуровтың атындағы велосипед клубы ашылды. Қысқы спорт түрлері бойынша да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер баршылық. Бұл ретте аудандық дене шынықтыру ұйымдарының қосқан үлесі салмақты.

 

Олег Гаврик,Аққайың аудандық БЖСМ коньки спорты бойынша жаттықтырушысы, ұстаз:

-Ауданнан шыққан Сакирко, Мальцева сынды спортшыларымыз өңір құрамасы сапында өнер көрсетіп жүр. Мен өзім балғындарды 10 жылдан астам уақыт жаттықтырып жүрмін. Қазіргі күні де спортқа ден қойғандардың қатары қалың. Үлкен аға-апаларына қарап олар да бой түзеп жатыр. Сондықтан әлі де талай жеңімпаздарды дайындауға үлес қосамыз деген сенімдемін.

 

Қол жеткізген табыстармен тоқталып қалмай, келешекте де осы жұмыстарды жалғастыру қажет. Енді спортшыларымыздың алдында байрақты бәсекелерде нәтижелі өнер көрсету мақсаты тұр деді дене шынықтру және спорт басқармасының басшысы  Руслан Есеналин. Жиын барысында үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды. Солардың қатарында облыс әкімі Самат Ескендіровтың алғыс хатына ие болған Александр Мицих те бар.

 

Александр Мицих, жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

-Менің еңбегімді бағалап жатқан облыс басшылығына алғысым шексіз. Жеңіл атлетика бойынша нәтиже жақсы. Болашағынан үміт күттіретін спортшылар өте көп. Биыл Қытайда жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындары өтеді. Соған біз 2 спортшыны дайындап отырмыз. Құрамаға ілігеді деген сенім бар.

 

Дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысында салауатты өмір салтын насихаттап, облысымыздың спорт саласындағы жетістіктерін жариялап жүрген БАҚ өкілдері де марапатталды.

 

Дамир Абуов, МТРК тілшісі:

-Менің еңбегімді бағалағандарына өте қуаныштымын. Жалпы бұл менің ғана емес, барлық ұжымдық жұмыстың жемісі деп білемін. Сондықтан келешекте әлі де осы бағытта жұмысты жалғастырып, спорт саласындағы жарқын сәттерді тұрғындарға хабарлауда алғашқылардың бірі боламын деген сенімдемін.

 

Екі солтүстікқазақстандық конькиші- Дмитрий Бабенко мен Роман Креч ел намысын Сочи олимпиадасында қорғамақ. Параолимпиада ойындарына елімізден тек 3 спортшы ғана лицензия ұтып алған. Соның бірі жерлесіміз- Қайрат Қанафин.

 

Мағжан Ахмадина