Білім

“Сардар” олимпиадасы

 

“Сардар” республикалық кешенді олимпиадасы қаламызда алғаш рет өтуде. Оған қала мен облыс аудандарының 11-сынып оқушылары жиылды. Барлығы алғашқы әскери дайындықтан мектеп көлемінде өткен жарыста жүйрік атанғандар. Елдос Қабдрашитов спортқа жақын. Ол тартылудан қатарластарымен бірге мықтылығын көрсетті. Нәтижесі де жаман емес.

 

Ал келесі бұрышта оқушылар АК-74 автоматын бұзып-жинаудан сынға түсуде. Сайыскерлердің ішінде Қызылжар ауданының Бескөл ауылында оқитын Ален Шалов та бар. Ол автоматты 10 секунд ішінде бұзып, сайыскерлердің ішінде жоғары көрсеткішке жетіпті. Болашақта елі мен жерін қорғайтын әскери қызметкер атанғысы келеді.

Олимпиада 2 кезеңнен тұрады. Оқушылардың білімімен қатар физикалық дайындықтары сыналды. Сайыстың алғашқы сынағында үміткерлер 5 пәннен тест тапсырмасын орындаса, ал келесі кезеңде саптық дайындық, автоматты бұзып-жинаудан және тартылудан барынша шеберліктерін көрсете білді.

 

Айгүл Базарова,СҚО Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының аға әдіскері:

-Олимпиадаға барлығы 37 оқушы қатысуға ниет білдірді. Оқушылар болашақтарын әскери саламен байланыстырмақшы. Патриоттық олимпиаданың жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор.

 

Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілмек. Сыннан сүрінбей өткен 3 сарбаз Астана қаласында наурыздың 25 – 28 аралығында өтетін Республикалық жарысқа жолдама алады.

 

Бақыт Сәдуақасов