Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Мәңгілік ел” – халық арманы

 

Қаймағы бұзылмаған қоғамымыздың бейбіт тірлігіне сызат түсірмей баянды ету. Кезекті жолдауда да еліміздің басты құндылығы – бірлігі жарасқан көпұлтты отандастарымыздың ынтымақтастығын нығайта түсу мәселесі көтерілді. Тұтастық пен келісімнің негізі – мемлекет басшысы көтерген Мәңгілік Ел Ұлттық идеясында жатқанына жерлестеріміз кәміл сенімді.

 

Чингиз Курбанов,”Әзірбайжан мәдениеті” ҚБ төрағасы:

– Жаңа қазақстандық патриотизмнің негізі – мемлекетімізді құрушы жалпыұлттық құндылықтарда жатыр деді Елбасы. Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына бірлесіп “Мәңгілік Ел” патриоттық актісін әзірлеуді тапсырды. Ондағы басты мақсат – елжанды ұрпақ тәрбиелеу.

 

Жылдың басты құжаты әр қазақстандықтың әлеуетін арттыруға тікелей қатысты. Аға буын өкілдері де Ұлт көшбасшы айқындаған басымдықтарды қуана қабылдады. Онда еліміздің алдағы дамуы ұзақ жылдарға жіктеліп сараланған. Оны ел болып жүзеге асыру – дәулеті асқан бай да қуатты ұлт құрудың таптырмас жолы.

 

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Елбасы жаңа жолдауында тағы да әр саланы бірдей қамтып өтті. Алдағы 15-17 жылға кешенді жоспарлар құрылған. Ешкім де шет қалған жоқ. Оларды жүзеге асыру біздер мен сіздердің еншімізде. Сондықтан ортақ жетістіктеріміз үшін бір адамдай жұмылып еңбек етуіміз керек. Ақсақалдар атынан өмірлік тәжірибесі мол ардагерлер қауымы да ол үшін қолдан келгенін жасайтынына сенім білдіремін.

 

Бүгінде елімізде көптеген үкіметтік емес ұйымдар табысты еңбек етіп келеді. Әрбірінің ортақ ісі – жолдаудағы тапсырмаларды орындау. Біршама шаруаның басы қайырылды. 3-ші сектор өкілдері кезекті басымдықтарды жүзеге асыру үшін жұмыс жоспарын бекітуде.

 

Әсемгүл Есхожа, “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” ҚБ төрайымы:

– Президент салып берген жолмен жүреміз. Бұл бағыт табысқа жетелейтінін білемін. Ендігі мақсат ондағы басымдықтар мен жүктемелерді халыққа жеткізіп түсіндіру жұмыстарына мықтап кіріскен жөн.

 

Шынымен жолдау жүктеген міндеттер ауқымды. Бастысы олар отандастарымыздың мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ендігі мақсат – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жарқын болашақты бірге қалау керек. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықты осыған шақырады.

 

Жеңіс Ермұқанов