Қоғам

Мүгедектерге – кедергісіз өмір

 

Тағдыр тәлкегіне түсіп, мүмкіндігі шектеліп қалған жарымжандардың жағдайы да жылдың бас құжатында көрініс тапты. Басты мәселе – денсаулықтары мүшкіл әлеуметтің әлжуаз тобын жұмыспен қамту. Бүгінде облыс орталығында ғана 10 мыңға тарта мүгедек бар. Олардың тең жартысы ғана екі қолға бір күрек тауыпты.

 

Мереке Мұхамедияров, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы:

-1-ші топ мүгедектері еңбек етуге қауқарсыз. Сондықтан 3-ші және ішінара екінші топпен жұмыс жасаймыз. Биыл медициналық көрсеткіштерге сай 150 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап қойдық. Оның 100-і тұрақты табыс көзімен қамтылады.

 

Ұлт көшбасшысы мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдіру талабын қойды. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға қатысу ережелері енгізіледі.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Гигиеналық заттардың өзіне қанша қаржы жұмсалады. Мүгедектерге түрлі көмек көрсету үшін қыруар ақша бағытталады. Бұл бюджетке және жарымжанның қалтасына үлкен салмақ түсіреді. Егер де біз еңбекке жарамдыларын жұмыспен қамтысақ, оларға әлдеқайда жеңілірек болады, жәрдемақыға қарап отырмайды. Әр мүгедекке мұқтажын өзі қамтуға мүмкіндік туғызамыз.

 

Сондықтан шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмысқа қарқын қосуды жүктеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың әрбіріне нәпақа табу мүмкіндігін жасау керек. Кәсібі бардың нәсібі бар. Мамандығы жоқтарын қайта оқыту ісі жандандырылады. Ол үшін алдымен әрбірімен жеке кездесіп, сауалнама жүргізу жоспарланып отыр. Жолдау жүктеген ендігі мәселе – мүгедектер үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс.

 

Игорь Коновалов, Петропавл қаласы әкімінің мүгедектермен жұмыс бойынша кеңесшісі:

– Өткен жылы әлеуметтік нысандарды тексердік. Жұмыс үстіртін жасалғанын мойындау керек. Бүгінде бұл төңіректегі бақылауды күшейткен жөн. Өйткені әрбір қоғамдық ғимарат мүмкіндігі шектелген жандарға ашық әрі қолайлы болуы тиіс. Бар талапқа қаламыздағы 5 әлеуметтік нысан ғана толықтай жауап береді.

 

2015 жылдың 1 шілдесінен азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісі әзірленеді. Бұл жалақыны әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуі тиіс. Асыраушысынан айрылғандар мен мүгедектерге төленетін жәрдемақы 25 пайызға өсетін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов