Спорт

Жас каратэшілер жарысы

 

“Жас толқын” деп аталатын кекушинкай каратэден ашық қала чемпионатына 160-тан астам жас өрім жиналған. Жарысқа қатысуға ниет танытқандардың арасында қала мектептерінен басқа облыс аудандары мен көршілес Көкшетаудан келген құрама бар. 5 пен 7 жас аралығындағы мына балғындар тотамиге алғаш рет шығайын деп тұр. Олардың кекушинкай каратэ спортына машықтанып жүргеніне 6 айдан 1 жылға дейін ғана.

Тотамиге алғашқы болып 5-7 жас аралығындағы 20 келіге дейінгі балғындар шықты. Олар не бары жарты минут ішінде жарты жыл бойы үйренгендерін ортаға салып, осы спорт түріне деген икемдерін байқатуға тырысты. 6 жастағы көкшетаулық Ерасыл Ерғалиевтің кекушинкай каратэмен айналысып жүргеніне жарты жыл ғана. Осы уақыт ішінде ол тек қол және аяқпен жұмыс істеуді шамалап үйренген. Сондықтан ол бар күшін уысына жиып, тотамидегі алғашқы қарсыласы петропавлдық Никита Сысоевқа барынша соққы жасап, ұпай жинауға тырысты. Бірақ, Ерасыл өзінен күшті қарсыласына есесін жіберіп алды.

 

Ерасыл Ерғалиев, жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:

-Мен жарысқа 1-ші рет қатысып жатырмын. Менің қарсыластарым мықты екен. Мен оларды жеңе алмадым. Бірақ ертең мен үлкен жеңіске жетемін. Мен ең мықты жігіт боламын.

 

Көкшетаудан бұл жарысқа 5 балғын қатысуға ниет білдірген. Жас каратешілердің арасынан кем дегенде біреуі ақтық сынға жетуі тиіс дейді олардың бапкері.

 

Жанат Қайыров, Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының Ақмола ОФ жаттықтырушысы:

-Бұл спорт түрімен әр бала шұғылдануы қажет деп ойлаймын. Өйткені, ертең олар денсаулықтарын күтетін болады. Спорт жағынан 1 саты жоғары көтеріледі. Осы жарысқа әкелген балаларым енді 1 медаль мен диплом алуға тиісті деп ойлаймын.

 

Сен-сей Владимирдің айтуынша, жыл сайын Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының қатары 200-ден астам жас спортшымен толығып тұрады.

 

Владимир Витченко, Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының СҚОФ директоры:

-Кекушинкай каратэден ашық қала турнирін олимпиадалық жүйемен өткізіп жатырмыз. Яғни, ұтылғандары ойыннан шығады да, жеңгендері жартылай финалға дейін күш сынасады. Бұл бастапқы жарыстың балғындар үшін пайдасы зор. Олардың бойында қазірден бастап өзіне деген сенімділігі жоғарылап, алдағы сайыстарда жеңуге деген құлшынысы арта түседі.

 

Ақпанның 22,23-ші күндері қаламызда кекушинкай каратэден тағы бір үлкен облыстық ашық чемпионат өтпек. Оған ел көлемінде 500-ден астам түрлі дәрежедегі спортшы қатысуға тілек білдірген.

 

Берік Қасен