Қоғам

Қазақстан халқы Ассамблеясында Ленинград құрсауының бұзылған күніне арналған жиын өтті

Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград қаласының тұрғындары нағыз тозақты көрді. 1941 жылдың 8 қыркүйегінде фашистер батыр қалаға басып кірген болатын. Сөйтіп Ленинград жаудың қоршауында қалды.Тек 1944 жылдың 27-ші қаңтарында, 872 күнге созылған сұмдық аяқталды. Нағыз жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқастардағы батырлардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі.

 

Сергей Захаров, «Русская община» ҚБ басқарма мүшесі:

-Барлық Кеңес Одағының жауынгерлері, отандастарымыз қаланы азат етуге қатысты. Ол асқан батырлық пен ерліктің көрсетілген шағы. Қанша бейбіт халық жазықсыз қазаға ұшырады.

 

Жиында батырлардың көзсіз ерлігімен қоса қоршауда қалған ленинградтықтардың тұрмыс-тіршілігі жайлы да сөз қозғалып, ел ауызындағы әңгімелер айтылды.

 

Асқар Баймұқанов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Осы уақытқа тән аңыздардың бірі – сол кездегі Ленинград қаласының басшысы Ждановтың күн көрісі жайлы болды. Аштық кезінде ол шабдалы мен тәтті бәліштерді жұрттан тығып жеген деген әңгіме бар. Бірақ қазіргі күні тарихшылар ондай бос сөздерді жоққа шығарып отыр. Жданов ешқашан өзінің жұмыс бабын пайдаланбаған және халқымен бірге барлық қиындықтарды бастан кешірген.

 

Ленинград қаласын жау құрсауынан босатуға облысымыздан жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясы да қатысыпты. Қоршауда қалған шаһарды азат етуге қатысқан әскери құрылым қатарында 20 мың адам болған. Оның 80 пайызын солтүстікқазақстандықтар құрапты.

 

Мағжан Ахмадина