Қоғам

Покровка селолық округі әкімінің есебі

 

 

Бану Ахметова, тілші:

-Есіл ауданындағы Покровка селолық округіндегі проблемалар қордаланып қалған. Мұнда су мәселесі бірінші орында тұр. Мәселен Покровка селосына су құбырлары мүлдем тартылмаған, сондықтан тұрғындар тіршілік көзін көрші ауылдардан тасып ішуге мәжбүр.

 

Гүлзира Мусинаның Покровка селосында тұрғанына 7 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында ауылдың тұрмыс-тіршілігі әлдеқайда жақсарды дейді. Қинап тұрғаны ауыз судың тапшылығы.

Есіл ауданына қарасты Покровка селолық округін Галина Сорокина 2011 жылдан бері басқарып жүр. Былтырғы жылдың қыркүйек айында қызметіне қайта сайланған әкім міне бұқара алдында есеп беруде. Бір жылда ауылдық округтың тұрмыс-тіршілігі жақсарғандығы байқалады. Мәселен ауыл шаруашылығына қажетті 18 бірлік жаңа техника сатып алыныпты. Оған 112 млн. теңге жұмсалған. Сонымен қатар мұнда малды қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істейді. Өткен жылы аталған әдіс 120 сиырға қолданылған. Жұмыссыздық мәселесі де шешімін тауып жатқан сияқты. Өткен 2013 жылы екі қолына бір күрек іздеген азаматтардың 168-і еңбекпен қамтылыпты. Және жылан жылында Покровка селосындағы мектепке екі қазандық орнатылыпты. Сонымен қатар аталған ауылдағы білім ордасына Есіл селосынан оқушыларды жеткізу үшін 2 млн теңгеге жаңа «Газель» алыныпты. Баяндамадан соң округ әкімі тұрғындардан келіп түскен шағымдарға тоқталды. Оның ішінде көп жылдар бойы шешімін таппаған су мәселесі тағы да айтылды.

 

Галина Сорокина, Покровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Су мәселесі әр есептік кездесуде көтеріледі. Бұл бәріміз үшін өзекті проблемалардың бірі. Су құбырларын тарту үшін қаражат жоқ.

 

Өзге арыздарда жастарға арналған клубтың жоқтығы, зейнеткерлер зейнетақысын алар кезде кезек күтіп қалып жататындығы, қаңғыбас иттер жағы да жазылыпты. Жергілікті әкім аталған сұрақтарға жауап бергенмен, тұрғындар бұнымен тоқтап қалған жоқ. Өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қарша жаудырды.

 

Михаил Сметанкин, зейнеткер:

– Қарттар үшін қашан қолайлы жағдай жасалады. Поштаға барып зейнетақымызды алайық десек, онда күтіп отыратын орын да жоқ. Далада қатып тұрамыз. Қазір күн суық, біз неге осылайша кезек күтіп отыруымыз керек.

 

Галина Сорокина, Покровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

-Зейнетақы келіп түскен күні-ақ сіздерге таратылады. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, 456 зейнеткер бар. Ал, оларға зейнетақысын үлестіретін бір ғана оператор жұмыс істейді. Барлық проблеманы шешу үшін қаражат керек. Ол біздің қолымызда емес қой.

 

Бұдан кейін көшелер атауының жоқтығы, бар болса да сынып жатқандығы айтылды. Покровка селолық округінің әкімі Галина Сорокина күн жылынысымен, бұл мәселені шешуге уәде берді. Ал, су мәселесі болса, “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасының көмегімен 2016 жылға дейін біржақты болады деп жоспарлануда.

 

Галина Сорокина, Покровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Бізге қаражат бөлініп жатса, алдағы уақытта су мәселесі оң шешіліп қалар. Сонымен қатар 2014 жылға үй салып, дүкендер ашуды жоспарлап отырмыз.

 

Әкімнің есебінен кейін әр саланың басшылары атқарып жүрген істерін баяндады. Учаскелік инспектор 2013 жылы 29 қылмыс тіркелді дейді. 9-ы ашылмаған. Заң бұзушылықтардың дені ұрлық жасауға қатысты. Барлық есепті тыңдаған тұрғындар кездесуден кейін өз ойларын білдірді.

 

-Меніңше барлық проблеманың шешімі селолық округ әкімінің қолынан келіп жатса, ол аянып қалмас. Ең бастысы жоғары жақтағылардың көмегі керек.

-Реті келсе, бұл мәселелер де оң шешімін табар. Ол уақыт еншісінде.

 

Бану Ахметова