ТЖ

Петропавлда тұрғын үй өртенді

 

Куәгерлердің айтуынша, екіқабатты баспанадағы өрт күндіз, шамамен сағат 11 кезінде орын алыпты. Алдымен түтін мен қызыл жалынды көрші үйлердің тұрғындары байқап, құтқарушыларға хабарлаған. Рамазан Қалжигитов апат орын алған уақытта сол маңайдан өтіп бара жатқан. Туысқандарына кіріп-шықпақ болған қала тұрғыны жанып жатқан үйде балалардың қалғанын естіп, бірден оларды құтқаруға кіріседі. Сөйтіп, ширақ қимылдап, 2 бүлдіршінді өлім аузынан аман алып қалды.

Өрт сөндірушілер де оқиға орнына лезде жетіп, бірден қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті.

Өрт сөндіру жұмыстарына 2 бөлімше жұмылдырылған. Алайда, жылдам әрекет жасауға күннің суықтығы біраз кедергі келтірді. Құтқарушылар екіқабатты үй пәтерлерінің біріндегі өрттің көрші орналасқан баспаналарға тарап кетпеуі үшін барынша тырысып, шамамен 2 сағаттың ішінде қызыл жалынды тұншықтырды. Әзірге апаттың себептері белгісіз. Бастысы адам шығыны жоқ дейді өрт сөндірушілер.

 

Нұрлан Нұкышев, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің бөлімше басшысы:

-Біздің бөлімшеге сағат 11-де Ойқала ауданында өрт болып жатқандығы туралы қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына жедел келіп, қызыл жалынды сөндіруге әрекет еттік. Құтқару шарасына 5 өрт сөндіру көлігі мен арнайы мамандар жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер ең біріншіден үйдегі адамдарды шығарып, газ баллондарды оттан алшақтатты. Әзірге екі қабатты үйдегі өртке қатысты қорытынды түралы айту ерте.

 

Үстіміздегі жылдың 1 айының ішінде облыс көлемінде 69 өрт тіркеліп үлгерген. 3,5 млн теңгенің шығыны келтірілді. Апаттар кезінде 4 адам қаза тапса, 5-уі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

 

Бақыт Сәдуақасов