Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ленинград құрсауының бұзылғанына 70 жыл толды

 

1941 жылдың қыркүйегінде 2 жарым млн-нан астам Ленинград қаласының тұрғыны жаудың қоршауында қалды. 900 күннің әр минуты азап пен қасіретке толы болды. Ирина Сидельникова қасіретті қүндердің көзі тірі қалған куәгерлердің бірі. Жау баса көктеп кіргенде 5 жаста ғана болыпты. Балалықты ерте ұмытқан қария блокада жылдары әлі көз алдымда дейді.

 

Ирина Сидельникова:

– Өте қиын болды. Күні-түні дүлей оқ құшпасын деп қираған ғимараттарда пана таптық. Ол кездері күндер де тым суық болды. Тамақ жоқ. Әкеміз майданға аттанған еді. Бізді кеңес жауынгерлері шешемізбен 41 жылдың 11 наурызында соңғы мұзбен сыртқа алып шықты. Аса қиындықпен келген бейбітшілікті сақтау керек. Ол үшін бірлігі жарасқан еліміз алған бағытынан қайтпасын деп тілеймін.

 

Фашистік тозақ үш жыл бойы жалғасып, даңқты қала 1944 жылдың 27 қаңтарында азат етіліп, көпке төзген халық бостандықтың ауасымен тыныстады. Тек аштықтың өзінен 640 мыңнан астам тұрғын көз жұмды. Мыңдағаны жау қолынан қаза тапты. Жерлестеріміз зұлмат соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Бұған ниет танытқан жерлестеріміздің қатары қалың. Қайырымды ұрпақ көшін облыс әкімі Самат Ескендіров бастады.

Игі шаруаға 314-атқыштар дивизиясына арналған ескерткіштің таңдалуы да бекер емес. Қанды майдан жылдары өңірімізде құрылған даңқты дивизия Ленинград  блокадан бұзып, қаланы жаудан тазартуда өшпес ерлік көрсетті. Ол үшін екінің біріне берілмейтін Кутузов орденімен марапатталды.

Әрбірінің арманы ортақ. Олар мұндай қасірет адамзат баласының басына еш уақытта төнбесін деп тілейді.

 

Жеңіс Ермұқанов