Көлік және жолдар

Аязда көліктері істен шыққан жүргізушілерге көмек көрсетілді

 

Жүк көліктері Елордасы Астанадан Стамбулға бет алған. Алайда Аққайың ауданы төңірегінде көліктер істен шығып, жүргізушілер тәулікке жақын саршұнақ аяз қыспағында қалады. Шетелдіктерді бірінші болып тас жолдағы көлік қозғалыстарын бақылауға шыққан жол-патрульдік полицейлері аңғарған.

Тәртіп сақшылары шетелдік жүргізушілерді саршұнақ аяздан құтқарып қана қоймай, ыстық аспен де қамтамасыз еткен. Сондай-ақ істен шыққан көлікке қажетті қосалқы сайман алу үшін көмектесіпті.

 

Азамат Байжігітов, СҚО ІІД жол-патрульдік полициясының инспекторы:

-Астана-Петропавл тас жолының 433 шақырымында бұзылған көлікті аңғардық. Қазір оған сайман жеткізіліп, оны салуға көмектесіп жатырмыз. Олқылықтар оңдалысымен жолаушылар сапарларын жалғастыратын болады. Шетелдіктер Түркияға бет алған.

 

Аязды күндері жол-патрульдік полиция экипажының көмегі облыс орталығының тұрғынына да артық болмады. МАН автомобилінің жүргізушісі түн ортасында Мағжан Жұмабаев ауданы арқылы өтетін Челябі-Новосібір тас жолында жанар-жағармай сүзгіші істен шыққандығынан тұрып қалған. Полицейлер болса ол қосалқы бөлшек алып келгенше оның көлігін күзетіпті. Жыл басынан облыс жолдарында осы іспеттес онға тарта оқиға орын алған. Синоптиктер келер аптада сынап бағанасы – 35 градусқа дейін төмендеуі мүмкін деп болжап отыр. Осыған орай әкімшілік полиция басқармасы ұзақ жолға шығуды шегере тұруды ескертеді.

 

Самат Есмағи