Білім

12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге әзірлік

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

-2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептердегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі – оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуы тиіс.

 

Бүгіндері еліміз білім беру ісіндегі осындай тың бастамаларды жүзеге асыруға даяр. Қазірдің өзінде бастауыш сынып оқушыларын оқытудың жаңа стандарттары жасалған. Тың бағдарламалар 2015 жылға қарай 12 жылдық білім беруге көшуді қамтамасыз етпек.

 

Әсет Жанисов, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламалар орталығының бөлім басшысы:

-Үздік педагогикалық дәстүрлерімізді қолданып, әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, біз осы стандартты жасап отырмыз. Оның мақсаты оқушыларымызды 21 ғасырға сай біліммен қамту болып табылады. Оқушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде де қолдана білулері шарт.

 

Бағдарламада 11 жылдық білім беру жүйесін жаңарту көзделген. Ғылым, өнер, ақпараттық технологиялар саласында жаңа пәндер енгізіліп, балалардың мектептен қазіргі заман талабына сай түлек болып шығуына назар аударылады. Оқытудың жаңа моделінде педагог кадрлардың да біліктілігін арттыруға орасан көңіл бөлінген. Ұстаздар қауымы әрқашан тың әдістерді қолданып, өз дәрістерін жаңа технологиялардың мүмкіндіктеріне сай қызықты ете түсуі қажет. Бұны көпжылдық тәжірибесі бар мұғалімдер қолдап отыр.

 

Айман Бубинеева, №1 Саумалкөл орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Айыртау ауданы:

– Әрине мұндай жаңашылдықтар қажет-ақ. Біздің балаларымыз 10 жыл бұрынғы түлектермен салыстырғанда өте белсенді, оның үстіне берілген тапсырмаларды жан-жақты зерттеп, қарастыруға бейім. Сондықтан жаңа стандарттардың енуі оқушылардың потенциалын арттырып, білім беру жүйесін жаңа бір деңгейге шығаруға септеседі деген сенімдемін.

 

«Баланы – жастан» демекші, нақ осы бастауыш сыныпта балғындардың бойына патриоттық сезімді ұялатып, білімге құштар жасты тәрбиелеу басталады. Әлемдік білім кеңістігіндегі оқытудың озық технологияларын қамтитын жаңа білім бағадрламалары шынайы жарыс, адал бәсекеге қабілетті адам тәрбиелеуді қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Бүгіннің өзінде облыс мектептерінде 3 тілді меңгеру жүйесі қолға алынған.

 

Марат Балтабаев, №1 Кішкенекөл орта мектебінің директоры, Уәлиханов ауданы:

-3 тілді меңгеруге қатысты. 1 сыныптан ағылшын тілі енгізілді. Даярлық топтарда орыс тобында қазақ тілі, қазақ топтарында орыс тілі енгізілген. Ол келешекте 3 тілді білуге әкеледі.

 

Білім саласындағы жаңа стандарттарды түсіндіру жұмыстары республика көлемінде жүзеге асырылуда. Өңірімізден кейін министрлік өкілдері мен Назарбаев зияткерлік мектептері орталығының мамандары Ақмола облысына жол тартпақ.

 

Мағжан Ахмадина