Құқық қорғау органдары

Жер туралы заңнама талаптарының орындалуы қадағалауда

Облыстық аумақтық жер инспекциясының инспекторлары жерді мақсатты игеруде өткен жылы орын алған заңбұзушылықтар көрсеткіші 2012 -мен салыстырғанда едәуір төмендегендігін айтады. Былтыр мамандар сот қарауына 35 талап-арыз жолдаған.

 

Гүлдана Сағдеева,СҚО аумақтық жер инспекциясының мемлекеттік инспекторы:

-Жер учаскесін алып қою бойынша сот орнына 17 талап арыз жолданды. Оның төртеуі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер, жалпы алаңы 144 мың 199 гектар. Ал 13 жеке тұрғын үй салу үшін – алаңы 1,7 гектар болады. 2012 жылы жеке тұрғын үй салуға берілген жерлерге түгендеу жүргізілді.

 

Сондай-ақ жер инспекциясы мамандары ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша алқаптарға есеп жүргізуді қолға алған. Үш жылға шақталған бағдарламаны жүзеге асыруға ел қазынасынан бөлінген қаражат 93 миллион теңге шамасында. Осы аралықта Ақжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы бойынша ауыл шаруашылығы айналымына тартылған жерлерді тексеріпті. Жалпы аумақ 2 миллион 141 мың гектардан асады.

 

Гүлдана Сағдеева, СҚО аумақтық жер инспекциясының мемлекеттік инспекторы:

– Түгендеу нәтижелері бойынша 82 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде алаңы 34800 гектар жер пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданып отыр.

 

Биыл аталмыш инспекция 2 миллион 538 мың 400 гектар алқапқа тексеріс жүргізбек. Ол Айыртау, Есіл, Тайынша, Шал ақын аудандарында өткізіледі. Сондай-ақ жеке тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдерінің қаншалықты мақсатты пайдаланылып жатқаны тексеріледі.

Самат Есмағи