Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғын үй құрылысын жүргізудің ауқымды жоспары

“Қол жетімді баспана-2020” бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі сатып алуға құқығың бар жалдамалы үй. Оның негізгі операторы “Қазақстан Ипотекалық Компаниясы” акционерлік қоғамы. Өңірімізде бұл жұмыстармен “Қазақстан тұрғын үй құрылысы корпорациясы” АҚ айналыспақ.

 

Руслан Құсайынов, “Қазақстан тұрғын үй құрылысы корпорациясы” АҚ басқарма төрағасы:

2014 жылы Петропавлда11 мың шаршы метр баспана салуды жоспарлап отырмыз. Ол шамамен 220 пәтерлі үй болады. Құрылыс Береке ықшам ауданында жүргізіледі. Артынан Набережный және Жас өркен мөлтек аудандарында коммерциялық көп және аз қабатты үй құрылыстарын да қолға аламыз. Оған әкімдік жер бөліп отыр.

 

Бүгінде облыс орталығында баспана кезегінде тұрғандар 8 мыңның үстінде. Ал қолжетімді баспана шеңберінде жылына 11 мың шаршы метр үй қолданысқа берілсе, ол кезек санын тез қысқартуға жол ашары сөзссіз.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Биылға белгіленген 11 мың шаршы метр өзгеріссіз қалады. Ол 2015-ші жылы да солай болады. Одан кейінгісін көре жатармыз. Тек келер жылы құрылыс жүргізілетін аумақты Берекеден Жас өркенге ауыстырамыз. Себебі ол қаланың кіре берісі. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге қолайлы барлық магистральдық жүйе бар.

Биылға жоспарланған жалдамалы баспана құрылысы наурыз айында басталмақ. Ал нысанды тапсыру қарашаның соңына жоспарланыпты. Мамандар оған толық мүмкіндігіміз бар деп отыр.

 

Руслан Құсайынов, “Қазақстан тұрғын үй құрылысы корпорациясы” АҚ басқарма төрағасы:

Баспана 15 жылға жалға беріледі. Ал оны сатып алу мүмкіндігіне пәтер жалдаушы тек 10 жылдан кейін ғана қол жеткізе алады. Бір шаршы метрдің құны 100 мың теңгеден аспайды. Жалға берілген уақытта әр пәтерге төленетін ақша шамамен айына 35-40 мың теңгені құрамақ.

 

Облыс орталығында тұрғызылатын жалдамалы үйлердің құрылысын жүргізудің тиімділігі көп. Оның бірі баспана кезегінде тұрғандар санын қысқарту болса, екіншіден пәтер құнын әр тұрғынға қолжетімді ету. “Қол жетімді баспана-2020” бағдарламасының көздегені де осы.

Самат Есмағи