Білім

СҚМУ-де Жолдауға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

 

Бірегей Ұлттық білім беру жүйесін құру. Бұл мақсатта өңіріміздегі баламасы жоқ жалғыз ЖОО-ға артылған жүк жеңіл емес. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ұжымы жолдауда көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыруда тәжірибесі бар. Іргелі білім ордасының оқу жүйесі халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие.

 

Оңдасын Әшімов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

– Біз елімізде алғашқылардың бірі болып халықаралық сапа құжатына қол жеткіздік. Былтыр өзге елдердің тәуелсіз сарапшыларының рейтінгіне сәйкес Қазақстандағы үздік ЖОО 5-не ендік. Әсіресе инженерлік- технологиялық мамандықтарды игертуде көш бастап келеміз. Елбасы жолдауында кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіруді тапсырған болатын. Тағы 5 мамандық еуропалық аккредитациядан өтті.

 

Тұрақты әрі қарқынды дамыған экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттырумен тікелей қатысты. Оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде биылғы бас құжатта нақты жоспарлар құру жүктелді. Бұл тұрғыдан да жергілікті университет жұрдай емес. Ғылыми атағы бар 271 оқытушының 60 пайызын жас ғалымдар құрайды. Былтыр ғана мемлекеттің тапсырысымен өнертапқыштарымыз 124 млн теңгенің 15 жобасын зерттеп-зерделеп берген.

Мемлекеттің дамуын өз қолына алатын білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор әрине. Бірінші кезекте жастардың өзі осыны саналарына құя білгендері абзал.

 

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Елбасы жасалып жатқан бар игіліктер сіздердей жастарға арналғандығын айтады. Шынымен ұзақ жылдарға бағытталған даму жолын жүзеге асыру білікті де білімді ұрпақтың қолында. Бағдар бар. Тек күш-жігерді жұмылдырып іздене білу керек. Ең алдымен бұның бәрі әрбіріміздің әлеуметтік жағдайымызды жақсарту үшін қажет.

 

Осы төңіректегі ойларымен жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов та бөлісті.

 

Фархад Қуанғанов,СҚО әкімінің орынбасары:

– Президент даму үшін біріншіден тарихи маңыздылығымызды түсінуіміз керек деді. Ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңғырту тағы жастардың қолында. Ертеңсіз бүгіннің болмайтыны баршаға аян. Сондықтан Елбасы мәңгілік ел идеясын көтерді. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білгеніміз абзал.

 

Үш тұғырлы тіл мәселесіне тағы да ерекше көңіл бөлінді кезекті жолдауда. Жас мамандар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерулері тиіс. Әсіресе ұлтымыздың мәйегі қазақ тілінің мәртебесін жоғалтпағанымыз жөн. Бұны білім қуып, оқу түгендеп жүрген студенттер жақсы түсінеді.

Бүгінде 30-ға тарта мүмкіндігі шектеулі жан университетте маман атану үшін кәсіп меңгеріп жатыр. Елбасының да көздегені осы. Мүгедектерді қоғамнан шектемей, тұрақты табыс көзімен қамтудың бар жағдайын жасау.

Осындай үлгерімі жақсы белсенді студенттерді ынталандыру жүйесін құру міндеттелді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан шәкіртақы мөлшері 25 пайызға дейін артады. Болашақ маман иелерін бұл жайт қуантпай қоймады.

Ал 2015 жылдың 1 шілдесінен білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға өспек.

Жеңіс Ермұқанов