Білім

Солтүстікқазақстандық оқушылар робот жасауды үйренуде

Әзірге мына жерде 10 шақты роботты құрастырып шығуға жететіндей ұсақ-түйек саймандар жатыр. Оқушылар жаңа құлтемірдің үлгісін табу үшін біраз тер төгіп, ізденіп, ойлануына тура келеді. Мәселен, мына жүк көтергіш құлтемір ешқандай да пультпен басқарылмайды. Оған ультрадыбыстық құрылғы арқылы көздеген нысанасын дұрыс табуға мүмкіндік беретін арнайы құпия кодсыз графикалық бағдарлама енгізілген. 8 бен 9-сынып оқушыларына осы сынды үлгіні құрастырып, бұйрық жадын орнату үшін шамамен 3 сағат көлеміндей уақыт беріледі.

Жалпы сырт көзге оны жинап шығу оңай көрінгенімен, машақаты көп іс екен.

 

Анатолий Калдыбаев, № 16 орталау мектептің оқушысы:

-Әр роботты жаңадан құрастырған сайын оған түрлі іс-қимылдар жасауға мүмкіндік беретін бағдарламалар енгізу қажет. Маған қазір сол жері қиындық тудыруда. Сондықтан қазір осы роботқа жаңа бағдарлама жасап шығару үшін информатика пәніне көп көңіл бөліп жүрмін. Онымен қоймай робот жадына дұрыс бағыт-бағдар енгізу үшін алгебра, геометрия сабақтарын да назар салып тыңдап жүрмін.

 

Данила Родин, № 16 орталау мектептің 8-сынып оқушысы:

-Маған үйірмеге келу ұнайды. Өйткені бұл жерде менің білім көкжиегім кеңейіп, жаңа нәрселерді біліп алуға деген талпыныс күн санап үдей түсуде. Мен қазір өзім мына шынжыр табанды тракторды жасап, оны қозғалысқа келтіру жағын ойластырып жатырмын. Әрине ол үшін көп іздену керектігін де сезінудемін.

 

№16-шы орталау мектеп директорының жоспарлары ауқымды. Ол келешекте осындай үйірме қаланың барлық білім ошақтарында ашылғанын қалайды. Осы тұрғыда қол қусырмай, біртіндеп жұмыстан қолы босағанда қазақ мектеп-гимназиясының оқушыларына да құлтемірді құрастырудың қыр-сырын үйретіп жүр. Сонымен қатар Данияр Уәлиев өткен жылы мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында осы үйірмені қалай жүргізуге болатыны жайлы ауыл-аудан ұстаздарына дәріс оқыған. Өйткені, осы игі іс оқушылардың келешекте мамандық таңдауына нық сенім бермек.

 

Данияр Уәлиев № 16 орталау мектеп директоры:

-Үйірмеге балалар үлкен қызығушылықпен келеді. Себебі, олар бұл жерде роботтарды өз қолымен құрастыруға машықтанады. Үйірмеде болған балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеті дамиды. Конструкциялық құрастыру дағдысы пайда болады. Бұл балалар ертең өз болашақтарын таңдағанда одан көмегі тиеді деп ойлаймын. Жалпы Елбасымыз да өзінің соңғы Жолдауында осы робототехника туралы айтып кетті ғой. Сондықтан, осы саланы мектеп қабырғасынан бастағанды жөн деп санадым.

 

Данияр Уәлиев оқушылар үшін құлтемір жинау үйірмесін ашуды ертеден ойластырып жүрген екен. Сол арманын іске асыруға оған өткен жазда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен роботтар көрмесі түрткі болған. Ол діттеген мақсатына қазан айында жетті. Бұл істе жас директорға жергілікті “Интегро Север” мен Астанадағы “АРТА” компаниялары демеушілік жасап тұрады. Ресми диллерлер құны 1000 доллар тұратын роботтарды Дания еліндегі “ЛЕГО” компаниясынан теріскейге жеткізуде қолдау көрсетіп жүр.

 

Данияр Уәлиев № 16 орталау мектеп директоры:

-Осы робототехника үйірмесі ашылғалы үлкен 2 сайысқа қатыстық.1-і облыстық деңгейде. Онда жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды жеңіп алдық. Және халықаралық «Инстограм» конкурсына атсалыстық. Оны Америка Құрама Штаттарында «ЛЕГО» компаниясы ұйымдастырған болатын. Онда да 1-ші орын бізге бұйырды.

 

Мектеп директоры қазір оқушылармен жаңа роботтың үлгісін жасау жағын ойластырып жүр. Өйткені, биыл Мәскеуде роботтар сайысы бойынша әлем чемпионаты өтпек.

Берік Қасен