Білім

Дуалдық оқыту жүйесін енгізу – заман талабы

Өңірімізде техникалық және кәсіпті білім беретін 30 оқу ордасы бар. Олардың тек 6-да ғана осы дуалдық оқыту жүйесін енгізіліп жатыр. Бұл әрине өте аз көрсеткіш. 1000-нан астам студенттің тек 3 пайызы ғана осы бағдарлама бойынша білім мен тәжірибе шыңдап жүр. Сондықтан келешекте бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет.

 

Владимир Литвиненко,СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Биылғы жылдың өзінде барлық оқу ордаларын осы дуалдық жүйеге көшіру үшін арнайы нормативтік- құқықтық база жасауды қолға алдық. Өйткені қаншалықты тез бұл жүйеге балаларды үйретсек, соғұрлым оған көшу де жылдам болмақ.

 

Елбасы өз жолдауында дуалдық оқыту жүйесі кәсіптік- техникалық білім берудің бір бөлігі болуы керек дегенді атап көрсеткен болатын. Сондықтан қазіргі күні оқу ордаларының материалдық- техникалық базасы жаңарып, кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас  орнатылуда.

 

Тұяқ Рақышев, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ кадр бөлімінің басшысы:

– Біз өзіміз жұмыс істеп жүрген машина жасау колледжі студенттерін алғанда ең алдымен білім деңгейін қарастырамыз. Оқу ордасында жасаған жұмыстарын көреміз. 3 студент бізде өтті. Оларға біз ынталандыру ретінде сыйақы беріп отырдық.

 

Еліміз бойынша дуалдық оқыту жүйесі 25 колледжде сәтті жүзеге асырылуда. Десе де мамандар аяқтан шалар мәселелер көп дейді.

 

Галина Тюрющева, Степногорск индустриалдық– техникалық колледжі директорының орынбасары, Степногорск қаласы:

-Бұл жүйені дамыту үшін біз кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс жасауымыз керек. Ал егер кәсіпорында проблема болса онда студенттерді жұмыспен қамтуда да мәселелер туындамақ. Айталық біздің колледж студенттері теміржолда қызмет етеді.

 

Бұл жүйенің оңтайлы тұстарын сезініп үлгерген студенттер тәжірибесі жоқ маманға берері мол дейді.

 

Владимир Карманов, Петропавл теміржол колледжінің студенті:

-Тәжірбие өту барысында менің жақсы жетекшілерім болды. Олар мені көп нәрсеге үйретіп, бағыт-бағдар берді. Келекшекте осы бағыттағы оқуымды жалғастыруыма, осы саланы таңдауыма да негіз болған солар.

 

Айта кетейік, дуалдық жүйе бірқатар Еуропа елдерінде мектеп бағдарламасына енген. Елімізде тәжірибелік оқыту енді ғана қолға алынып жатыр. Бірақ, бүгін дөңгелек үстелде бас қосқандар алдағы уақытта кәсіби бағытта білім берудің жаңа деңгейіне шығамыз деп отыр.

Мағжан Ахмадина