Сот орындаушыларының өндірісіне келіп түскен істердің ішінде әсіресе алимент төлеуге қатысты құжаттарды орындау қиынға соғады екен. Мысалы былтыр өндіріске 6673 іс келіп түссе, оның 1275-і ғана орындалыпты. Ал мемлекетке төленуі қажет берешектің басым бөлігін әкімшілік айыппұлдар құрайды. Былтыр сот орындаушыларына тапсырылған 106 мыңнан астам істің 74 мың 750-і осындай айыппұлдар.
Батырбек Қалабаев, СҚО сот актілерін орындау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– Өткен жылы өндіріске 119 млрд теңгеге 106 мыңнан астам іс келіп түсті. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға артық. Жыл қорытындысы бойынша өндірсте болған істердің тең жартысы орындалды.
Коммуналдық қарыздарын өтеуге асықпайтын борышкерлер де баршылық. Дегенмен, баспана иелері қарыздан жалтарып кете алмайды. Былтыр коммуналдық қызметтердің төленбеуіне қатысты 6 177 іс өндіріске келіп түскен. Оның 2 950-і ғана орындалған.
Батырбек Қалабаев, СҚО сот актілерін орындау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– 2013 жылдың 12 айында сот орындаушылары борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 540 материалды сотқа жіберді. Нәтижесінде 448 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 2 фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жергілікті тілшілермен өткен брифингте сонымен қатар қарызын өтеуден қашқақтап жүргендерге ел аумағынан шығуға тыйым салынғандығы да айтылды. Былтыр ондай азаматтардың саны 3 мыңнан асыпты. Ал, үстіміздегі жылдан сот орындаушылары арнайы пилоттық жобаны іске қосыпты. Оның негізінде ісі өндірісте болғандардың тізімі автоматты жүйе базасына енгізіледі.
Бану Ахметова