Білім

Қалалық классикалық гимназияда “Мәңгілік ел” тақырыбында ашық сабақ өтті

 

Елбасының биылғы жолдауы елімізде қызу талқылануда. Қалалық классикалық гимназияның 9 сынып оқушылары да бүгінгі сабақтарына басты құжатты арқау етіп алыпты. Сөйтіп, ашық сабақтарын “Мәңгілік ел” деп атаған. Мұнда оқушылар 4 топқа бөлініп, “Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты жолдаудағы басым бағыттарға назар аударған. Топ-топқа бөлінген оқушылар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңыздылығын, ел экономикасы, мәңгілік елдің стратегиясы, біздің болашаққа барар жолымыз, қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктерге тоқталды.

Гүлзат Кощугулова Елбасының биылғы жолдауымен жіті танысып шығыпты. Басты құжаттағы басым бағыттардың бірі – жастардың білім алуына бағытталады дейді ол.

Ашық сабақта оқушылар “Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” тақырыбында эссе де жазды. Мұнда мемлекетіміздің 22 жылда алған белестері көрініс тапты. Ашық сабақты өткізген тарих пәнінің мұғалімі Альбина Никибаева Елбасының жолдауда жүктеген міндеттерін орындау үшін бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етуіміз керек дейді.

Гимназияда сонымен қатар, Елбасының жолдауын насихаттау мақсатында дөңгелек үстелдер де өткізіліп тұрады екен.

 

Бану Ахметова