Қоғам

Облыстық тәртіптік кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы

 

Тәртіптік кеңес отырысында қаралған алғашқы мәселе бойынша сын-ескертпелер жоқ. Өңіріміздегі қылмыстық атқару жүйесінде өткен жылы бас жарып, көз шығарарлық оқыс оқиғалар орын алмаған. Аталмыш саладағы мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы мен ар-намыс кодексінің бұзылуына жол бермепті. Екінші кезекте, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Аманбек Махметовтың тәртіптік ісі қаралды. Ол бір мемлекеттік қызметшінің заңбұзушылықтарына қарамастан, оның өз еркімен жұмыстан кетуі жайлы жазған өтінішіне қол қойып жібереді. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзған шенеунік болса, бүгінде тәртіптік кеңестен жалтарып жүр.

 

Жанат Жұмабаев, СҚО тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі:

-Мемлекеттік қызметші өз ісінен бөлек бір мезетте өзге жұмысты істей алмайды. Заңға қайшы. Ал Айыртау аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы болса, солай істеген. Ол қаңтардың сегізінде фитосанитария және болжау республикалық әдістемелік орталығының облысымыздағы филиалына директор болып тағайындалыпты.

 

Ал тәртіптік кеңеске тартылған Махметов мырза болса, жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметкердің жемқорлыққа бой алдырғанын білмедім деп ақталып отыр.

 

Аманбек Махметов, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

– Қаңтардың 9-ы жұмыстан өз еркімен кету жайындағы өтінішті тіркедік. Ал оған қол 15-і қойылды. Себебі ол адам бірқатар процедуралардан өту керек болатын. Аудан әкімі аппаратына Мұрзағұловқа қатысты хат 15-і түскен. Онымен мен 16-сы күні таныстым. Ол уақытта бөлім басшысы болса, қолына еңбек кітапшасын алып жұмыстан шығып кеткен. Үлгермей қалдым.

 

Мәселенің мән-жайынан құлағдар болған кеңес мүшелері Аманбек Махметовке ауызша ескерту жасау керек деп ұйғарды. Жиында қаралған соңғы тартіптік іс – Шал ақын ауданы Афанасьев селолық округінің әкімі Асқар Хамзинге қатысты. Қызмет бабын асыра пайдаланған ол қарамағындағыларды жеке басының жұмысын істеуге мәжбүрлеген. Нәтижесінде бір адам көз жұмыпты.

 

Арман Құсанов, СҚО прокурорының көмекшісі:

-Тексеріс барысында анықталғанындай, селолық округ әкімі шамамен қыркүйектің 17-де жүргізушісінен өзіне және бір зейнеткерге отын дайындап беруін сұраған. Сосын селолық клуб пен әкімдіктің күзетшілеріне орманға барып қысқа отын әзірлеуге көмектесесіңдер деп тапсырма беріпті. Отын кесу барысында жұмысшылардың бірін ара шағып, ол сол жерде көз жұмыпты. Әкімнің бұл қылығы ар-намыс кодексіне қарсы, әрі лауазымын асыра пайдалану арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңын бұзу болып табылады.

 

Ал Хамзин мырза болса прокуратура қызметкерінің жүргізген тексерістері заңсыз, мені қаралау үшін халықты маған қарсы қойды деп, тіпті бірқатар жоғары органдарға шағым түсірген. Лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен де келіскісі жоқ.

Тәртіптік кеңес отырысына шақырылған афанасьевтік куәгерлер округ әкімінің оларды өзінің жеке жұмыстарына жұмылдырғанын жоққа шығармады. Хамзин округте өзін қожа сезінетін көрінеді. Прокуратура тексерісінің қорытындысы және куәгерлердің берген түсініктемесінен кейін кеңес мүшелері Асқар Хамзинді қызметінен босату керек деген ұсынысты бір ауыздан қолдады.

 

Самат Есмағи