Бизнес және экономика

Мемлекеттің қолдауымен нан-тоқаш комбинатының жабдықтары жаңартылды

Ирина Федотованың серіктестікте жұмыс істеп жүргеніне 7 жыл болыпты. Сондықтан кәсіпорында орын алған оң өзгерістер көз қуантады дейді ол. Автоматтандырылған құрылғылар электр энергиясын үнемдеуге септесіп, өндіріс көлемін ұлғайтқан. Оның үстіне жаңа қондырғылармен жұмыс істеу шаруаны әлдеқайда жеңілдеткен.

 

Ирина Федотова, «Нанинвест Кондитер» ЖШС наубайханашысы:

-Қазір жұмысымыз едәуір жеңілдеді. Біз алғаш келгенде ескі пешті пайдаландық. Енді міне автоматтандырылған қондырғылар көп күш жұмсауды қажет етпейді. Қолданыста да қиындықтар туындамайды.

 

1933 жылы негізі қаланған Петропавл нан-тоқаш комбинаты қазір айтарлықтай өзгерген. Кәсіпорынның жаңа қондырғылармен жарақталуы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр. Олар жоба аясында республикалық бюджеттен 3 жылға 1,4 млн теңге көлемінде субсидия алып, жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан іргелі кәсіпорын бүгіндері нан-тоқаш өнімдерінің 160-тан астам түрін шығарады.

 

Гүлфия Шарипова, «Нанинвест Кондитер» ЖШС бас технологы:

-Қондырғылардың техникалық қуаттылығы күніне 25 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Ал біз тапсырыстар көлеміне қарай тауарларды шығарамыз. Кешке түскен өнімдерді сауда орындарына біздің машиналар таңғы 4-тен бастап тасымалдайды.

 

Қазір серіктестікте 300-ден астам адам еңбек етеді. Мұнда шығарылатын ас атасы барлық облыс тұрғындарын қамтуға жетерлік. Баға бірнеше жылдан бері тұрақты. Бірінші сортты 550 грамдық бөлке 47 теңге тұрады. Сондықтан серіктестік әрі қарай тауар көлемін ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілігін артыра түсуге даяр.

 

Қайрат Бекенов,СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі күні нарықта тауар үлкен бәсекеге түскен. Сондықтан өнім жаңа деңгейге түсу керек. Дамыған мемлекеттердегі жетістіктерді көргеннен кейін, біздің де Петропавл нан-тоқаш комбинаты сол деңгейге шығу керек. Себебі бұл әлемдік бәсеке.

 

Онымен қоса биыл мұндағылар “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқасында қызметкерлерді шетелге оқытуға жібермек.

 

Алмат Нұрахметов,”Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚОФ директорының міндетін атқарушы:

-:Даму қорының көп бағдарламалары бар. Солардың бірі «Үлкен синьор» деп аталады. Тегін бағдарлама арқасында шетелден келген мамандар біздің кәсіпкерлерді үйретеді. Енді осы жердің мамандарын шетелге жібереміз деген ой бар. Олар жаңа технологияларды меңгереді.

 

Өңірімізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Өткен жылы 1 млрд 200 млн теңгеге 120 өтініш мақұлданса, биыл ол көрсеткіш 1млрд 400 млн теңгені құраған.

 

Мағжан Ахмадина