Энергетика

Энергетика кешенін дамыту мәселелері талқыланды

 

Елбасы электр қуатын үнемдеуге қашан да үлкен көңіл бөледі. Бүгінде еліміздегі өндіріс пен тұрмыстық энергия өнімінің 3/1-не жуығы далаға кетеді екен. Сондықтан шығынды азайту ұлттық маңызға ие. Жыл сайын жолдаудың жөн сілтеуімен жұмыс жоспарын құратын өңір энергетиктері биыл да бас құжаттың осы төңіректегі басымдығын бірлесіп талқыға салды.

 

Александр Рейзлин, “СК РЭК” АҚ президенті:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ӘбішұлыНазарбаевтың  жүргізген саясатының арқасында энергетика саласы біраз жаңғырды. Жарықты үнемдеу тиімділігі біршама артты. 2013 жылы кәсіпорында инвестициялық бағдарлама аясында 900 млн. теңгенің бірқатар жобасы жүзеге асырылды. 30 шақырымнан артық жарық үлестіретін сымдар оқшауланған үлгілеріне алмастырылады. Бұл желіге жанамалай қосылып, тоқ көзін ұрлайтындардың заңсыз әрекетіне тосқауыл болады. Тоқ көзін ысырап етпеудің қамында былтыр тағы бір пилоттық жобаны қолға алдық.

 

Сынаққа жеке және заңды тұлғалардың меншігі тартылған. Тәжірибедегі нүктелер электр энергиясын есептеудің автоматты жүйесіне қосылды. Жұмсаған жарықтың көрсеткіші бірден кәсіпорынның орталық диспетчерлік қызметіне келіп түседі. Пайдаланған қызметті нақты санайтын құрылғы 2388 нысанға орнатылыпты. Жаңашылдық жоғары және төменгі жиіліктегі қуат күшімен бірдей жұмыс істейді. Нәтижесінде нормативті шығын 6 есеге азайып, қуаттылық 16 пайызға артқан.

 

Ғалым Шабаров, “СК РЭК” АҚ электромонтері:

– Елбасының жолдауын жылда тыңдаймын. Энергетика саласына үлкен көңіл бөлінеді. Жалақымыз өсіп тұрады. Құрылғылар жаңартылады. Осыдан апаттық жағдайлар азайып біздің жұмысымыз да жеңілдеді.

 

Тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамту – энергетиктердің басты мақсаты. Осының қамында биыл жаңадан 90 мың шақырымдық жарық үлестіргіш желі тартылады. 8 мың абонент тоқ көзін есептейтін автоматты жүйеге қосылады деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа инвестициялық бағдарлама аясында 1 млрд. теңге қарастырылған.

 

Жеңіс Ермұқанов