Қоғам

Әскери қызметшілер Жолдау жүктеген міндеттерді талқылады

Қаңтардың 17-інде халыққа арнаған жолдауында Елбасы Қазақстан оның тұрғындары үшін жайлы, әрі қауіпсіз мемлекет болуы керектігін айтқан болатын. Ел тыныштығы, сот жүйесінің әділдігі мен қоғамдық қауіпсіздік – мемлекет дамуының негізі. Бұл ретте әскерилер өздеріне жүктелген міндеттердің маңыздылығын жақсы біледі және оның орындалуына бар күш-жігерін жұмсамақ.

 

Еркінбек Байболов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы:

– Жыл сайынғы Елбасы жолдауы – елімізді жарқын келешекке бастар жоспары іспетті. Соңғысы 2050-ші жылға дейінгі кезеңге еліміздің бағытын анықтайды. Стратегия нақты қадамдар жасай отырып, мемлекетімізді алға бастайды. Сондықтан қазақстандықтар құжатта көрсетілген барлық басымдықтарды бірлесіп жүзеге асыруға атсалысуы қажет.

 

Жолдауды талқылауға арналған кездесуге қорғаныс ісінің ардагерлері де қатысты. Көпжылғы еңбек өтілі бар аға буын өкілдері өз кезегінде бар тәжірибелерін жастарға, Елбасы сенген жас ұрпаққа беруге дайын екендіктерін жеткізді.

 

Владимир Титович,”Қарулы күштер ардагері” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық кеңесінің мүшесі:

-Үздік 30 елдің қатарына кіру үшін еліміздің әрбір азаматы бәсекеге қабілетті болып, алға ұмтылуы қажет. Жастар ел болашағы, сондықтан сіздердің жарқын істеріңіздің арқасында Қазақстан деп аталатын мемлекет әлемге танылады. Ал аға буын өкілдері сіздерді әрдайым қолдап, кеңес беруге даяр.

 

Жолдауда қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударылған. Бүгінгі ұрпақ үшін ұлттық идея айқын, ендігі міндет – болашағымызға бағдар болған  “Мәңгілік Елді” қалыптастыру жолында қызмет ету.

 

Амангелді Дүйсекин, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

– Біз қазақстандықтар Елбасы қойған тапсырмаларды шешуге даярмыз. Біз өз еліміздің патриотымыз.

 

Жолдау – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін жасалған жоспар, әрі маңызды құжат. Әрбір Қазақстан азаматы жолдауды түсіндіру жұмысына және оған баршаны қатыстыру ісіне жетекшілік етуі тиіс. Жолдауды жүзеге асырудағы өздеріне жүктелген жауапкершіліктерін сезіне білуі қажет. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ.

 

Мағжан Ахмадина