Қоғам

Халықтың денсаулығы – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі

Еліміздің басты құнды қазынасы – халық. Әр адам саулығының 15 пайызы ғана медицинамен тікелей байланысты. Өзгесі отандастарымыздың өмір салты, қоршаған ортасы мен қызметіне тікелей қатысты. Бұл орайда алғашқы медициналық көмектің де алар орны ерекше. Осының бәрін бір жүйеге қалыптастырып жетілдіре түсу – Елбасының жолдауында көрініс тапты.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты.

 

Медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады. Қазақстан алдағы уақытта медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады. Ол үшін еліміздің жер-жерінде, әсіресе шалғай аудандарда емдеу ісін жүйелі түрде біркелкі қалыптастырған абзал.

 

Светлана Кашенцева, әйелдер консультациясының бас дәрігері:

– Амбулаторлық пункттер мен емханалардың жұмысын жандандыруға барлық алғышарттар бар. Әсіресе алғашқы медициналық қызметке қыруар қаржы бөлінеді. Науқасқа сырқатынан тез айығып тұруы үшін бірінші сапалы көмектің маңызы зор. Әр терапевт дәрігердің үш медициналық көмекшісі бар. Дәрі-дәрмекпен қамту, электрондық медицинаны дамыту жағы жақсы жолға қойылды.

 

Жүйелі профилактикалық тексерілу, дұрыс тамақтана білу – аурудың алдын алудың негізі. Спортпен шұғылданудың да шарапаты аз емес. Мемлекет басшысы осыны жылдағы жолдауында ерекше атап өтеді.

 

Андрей Глывяк, гір спортынан СҚО бас бапкері:

– Өткен жылы әлем біріншілігінде күш сынасқан Ұлттық құраманың сапында 16 жерлесіміз болды. Барлығы да жүлдесіз оралмады. Екі тәрбиеленушіміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері талаптарын орындады. Енді бір майталманымыз әлем рекордын жаңартты. Ел чемпионатында 4 жыл қатарынан чемпиондық тізгінді ешкімге ұстатпай келеміз. Бұл өңірімізде кәсіби гір спортының дамығанының белгісі.

 

Тағдыр тәлкегіне түсіп, мүмкіндігі шектеліп қалған жарымжандардың мәселесі де жылдың бас құжатында көрініс тапты. Ұлт көшбасшымыз мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдіру талабын қойды. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға қатысу ережелері енгізіледі.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ондай жандар бізде аз емес. Мүгедек адамдарға қамқорлық көрсету – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді.

 

Ең бастысы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс.

 

Владислав Демьянов, СҚО әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау бойынша кеңесшісі:

– Облыстағы 2,5 мыңнан астам әлеуметтік сала нысандары тексерілді. Ғимараттардың 1,5 мыңы ішінара бейімделген. 67-де мүгедектердің жағдайы мүлдем ескерілмеген. Биыл ол нысандарды біздей жандарға орайластыру үшін жұмыстар жасалады. Бұған Елбасының жолдауында үлкен көңіл бөлінді. Елбасының салиқалы саясатының арқасында мүгедектерге көрсетілетін көмекке көңілім толады.

 

2015 жылғы 1 шілдеден қоғамдық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісі әзірленеді. Бұл жалақыны денсаулық сақтау жүйесінде – 28, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуі тиіс. Асыраушысынан айрылғандар мен мүгедектерге төленетін жәрдемақы 25 пайызға өсетін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов