Қайырымдылық

Үй-күйсіздерге қамқорлық жасалуда

Бүгінде қаңғыбастыққа салынған Владимир Петропавлға Алматыдан келіпті. Кезіндегі бас қалада жұмыс таппаған соң, екі қолға бір күрек іздеп теріскейге қоныс аударған. Бірақ, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрмаған құжатсыз азаматты ешкім жұмысқа қабылдамапты. Владимирдің содан бергі күні көше кезумен өтіп жүр. Ал осыдан 1 жыл бұрын ол ұрлық жасап, жазасын да өтеп шығыпты.

 

Владимир Ташимов:

-Сұратқан дәрі-дәрмектерімізді бізге Қызыл ай қоғамы беріп тұрады. Бірақ кейде левомиколь, сутегі қышқыл тотығы және орағыш дәке жетіспей жатады. Өйткені, көше кезген жандардың денсаулығы нашар. Біреуін күйік шалған. Енді бірінің қол-аяғы домбығып, үсіген. Сондықтан, осы жағынан қолы ашық, қайырымы мол жандар көмек берсе деймін.

 

Биылғы қыста Динара Сыздықованың денсаулығы сыр беріпті. Оның сол жақ аяғының тобық тұсы іріңдеп кеткен.

Өлместің күйін кешіп жүргендердің арасында ауылдан келген ағайын да бар.

 

– Үш жыл далада жүрмін. 10 жасымнан тұл жетім болып қалдым. Қазір ешқайда тұратын жер жоқ.

 

Қыс уағында жылу құбырларының арасында күнелтіп жүрген бұл адамдар қиын жағдайға түрлі себептермен тап болған. Кейбірінің баспанасы жанып кеткен. Ал, басқалары ата-анасынан, жанұясынан айрылып далада қалған. Бүгінде оларға қол ұшын созып келетін – “Қызыл ай” қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы ғана. Ұйым жетекшісі “Сұрапыл қыс” қайырымдылық акциясын шама-шарқымызша жиі өткізіп тұруға тырысамыз дейді. Жан бағып, бір күнмен өмір сүретін үйсіз-күйсіз жандарға аптасына 2 рет ыстық тамақ, жылы киім-кешектер әкеліп тұрады. Кейде тұрғындар да өмірден біржола түңілген жандарға аяушылық сезімін білдіріп, азық-түлікті қолдарына ұстатып кетеді екен.

 

Сәуле Оразова, Қызыл ай қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры:

-Біз осымен 2-ші жыл қатарынан қысқы қайырымдылық акцияларын өткізіп келеміз. Жаңа жылда тәтті толы сыйлықтар тараттық. Біз оларды қоғамға еш пайдасын тигізіп жатқан жоқ деп сөкпейміз. Қайта адам кейпіне оралып, дұрыс жолға түскенін қалаймыз. Және бұған қоғамның да бей-жай қарамауын сұраймын.

 

“Сұрапыл қыс-2” қайырымдылық шарасы қыс райынан қайтқанша жалғаспақ.

 

Берік Қасен