Қоғам

“Үздік жас мемлекеттік қызметші” байқауы қорытындыланды

 

 

“Үздік мемлекеттік қызметші” кәсіби шеберлік конкурсының облыстық іріктеу кезеңі бойынша 10 үміткердің арасынан үздіктері анықталды. Байқаудың қорытындысы бойынша комиссия мүшелері 3-ші орынға СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Мақпал Шибұтованы лайық деп таныған. Ол бүгін облыс әкімінің атынан адал еңбегі, облыстың мемлекеттік қызметкерлер институтын нығайтуға қосқан үлесі үшін 3-ші дәрежелі дипломмен мараптталып, бағалы сыйлық – планшетке ие болды.

Бұл конкурс өңірімізде осымен 2-ші жыл өткізілуде. Іріктеу кезеңіне аудан мен қаланы қоса есептегенде жалпы саны 22 үміткер қатысуға ниет танытқан.

 

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы:

-Осы конкурсқа биылғы жылы облыс бойынша 22 үміткер қатысты. Соның ішінде 16-сы эссе жазды. Ақтық сынға оның 10-ы іріктелді. Негізінен бірінші олардың эсселері бағаланды. 2-ші өзін-өзі таныстыру. Соңғысы дебат туры болды.

 

2-ші дәрежелі диплом және ноутбук жастар ісі жөніндегі басқарманың бас маманы Данияр Қапезовке бұйырды. Ал, “Үздік мемлекеттік қызметші” атағына экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Әйгерім Исина лайық деп танылды. Оған бүгін 1-ші дәрежелі диплом мен бағалы сыйлық ЛЕД экранды теледидар табыс етілді.

 

Әйгерім Исина, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы:

-Шыны керек, осы 1-ші орын алдым ба, алмадым ба әлі сеніп тұрған жоқпын. Бұл тек менің жетістігімнің бастамасы ғана, әлі алдағы уақытта еліміздің көркеюіне, алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуіне өз үлесімді қосамын деп айтқым келеді.

 

Жеңімпаздың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жұмысқа орналасқанына не бары 1,5 жыл болған. Әйткенмен, ол өз ісін қазақ тілінде жақсы жүргізетінін тек жұмысында ғана емес, осы байқауда да дәлелдеп, өңір намысын ел көлемінде қорғау мүмкіндігіне ие болды.

 

Берік Қасен