Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстың 2013 жылғы даму қорытындылары

Солтүстік Қазақстан облысы аграрлық аймақ ретінде қарымының мықты екенін өткен жылы тағы да дәлелдеді. Ауа райының жауын-шашынды болғанына қарамастан теріскейлік диқандар астықтың 5 млн-нан астам тоннасын жинап берді. Бізде өсірілетін ырыс дәні ел қамбасының 30 пайызын жабатынын ұмытпаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының облысқа деген сенімі ақталуда.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Жақсы облыс, сіздерге келуді ұнатамын. Табиғаты әдемі. Өнеркәсіп өсіп келеді, барлық машина жасау зауыттарына көмектесіп жатырмыз. Облыста  26 индустриалдық жоба жүзеге асырылған, бұл жақсы, бірақ СҚО үшін ең бастысы – ауыл шаруашылығы. Сіздерді үйретіп керегі жоқ, сіздер әлемдегі ең үздік диқан-мамансыздар.

 

Өткен жылы өңірде білім және баспанамен қамту саласында біраз алға басушылық орын алды. Жол мәселесін шешуге де жан бітті. Бүгінде жолдардың тозуы 70 пайызды құрап отыр. 2013 жылы бұл бағытқа 5 млрд. теңге бағытталды. Жолдардың жағдайы мен оған бөлінген қыруар қаржының тиімді жұмсалуы Самат Ескендіровтың ерекше бақылауында болды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Біз жолдарды қалпында ұстап тұруға міндеттіміз. Осы күйінде қалдыра берсек кешікпей барынан айрыламыз. Көп бөлігі әбден тозған. Табыстың көп бөлігін трассаларды жөндеуге бағыттауға тырысамыз. Біз үшін мердігерлердің сеніп тапсырған іске аса жауапкершілікпен қарағандары аса маңызды. Ортақ ісімізді абыройлы атқаратын болсақ үкіметтің қолдауы соғұрлым жақсы болады. Осындай кездесулерді жиі өткізетін боламыз.

 

Облыста “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Өңірде бір жылдың ішінде 7 мекеме ашылып, 9 мыңнан астам бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Сондай-ақ, Самат Ескендіров Петропавлдағы жеке меншіктегі 10 ғимаратты балғындардың игілігі үшін мемлекет иелігіне қайтаруды тапсырды.

Бүгінде Мамлютка қаласында алып мектеп салынуда. Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында 80 орынға шақталған мектеп ашылып, ауыл халқының бір риза болып қалғаны да есімізде. Бұл өңір жетекшісінің тапсырмасы шалғайда да орындалып жатқанын білдіреді.

2013 жылы мыңнан астам солтүстікқазақстандық жаңа баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қызу жалғасады.

Бұл – естімесе де, биді жанымен сезініп, өзгелерден жоғары деңгейде орындай білетін жергілікті «Sensitive» би тобы. Болгарияда өтетін халықаралық байқауға баруға олардың қаржысы жетпеген еді. Самат Ескендіров өнерлі жастардың бағын байлаған жоқ. Бірден қаржылық қолдау танытты. Есесіне, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының «Sensitive» би ансамблі байқауда дені сау бишілермен сайысып, бірінші орынды жеңіп алды.

Жалпы, өңір тұрғындарының өмірі облыс басшысының назарынан тыс қалған емес. Оны Самат Ескендіровтың “Нұр Отандағы” азаматтық қабылдауынан да, ғаламтордағы жеке блогынан да байқап жүрміз. Шағымы барлар “Нұр Отанның” кеңсесінде көзбе-көз жүздесіп немесе мәселесін он-лайн режимінде ашық жолдай алады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ел өмірінде алатын маңызды оқиғалар туралы қысқаша шолу жасадық. Бұл – біздің көзқарасымыз. Ал, бұл жөнінде тұрғындар не дейді екен?

 

Данаш Хамзина, тілші:

– 2014 жылға да өңірде ауқымды істер жоспарланып отыр. Оның бәрі ел өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты. Осыған тағы Елбасының Жолдауда жариялаған салмақты тапсырмалары қосылды. Облыс әкімі мен солтүстікқақазстандықтардың бұл бағытта жүгі еселей түскен сияқты. Бірақ, теріскей халқы ұйымшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында биыл да міндет үдесінен шығады деген үміттеміз.

Данаш Хамзина