Қоғам

Құрметті теміржолшы Николай Поляковтың туғанына 100 жыл

 

Николай Поляковтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған кешке оның замандастары мен туған-туыстары жиналды. Көз көргендер дарынды ұйымдастырушы өмірдегі, жұмыстағы қиындықтарды асқан шеберлікпен шешетін деп еске алды. Әкесінің бұл қасиетін Галина, Любовь, Надежда есімді қыздары жоғары бағалайды. Әке жолын қумаса да, оның жақсы тәрбиесін алып, үшеуі де бар саналы ғұмырын адамдарды емдеуге арнапты. Қазір олар құрметті демалыста.

 

Галина Торгашова, Николай Поляковтың қызы:

-Басшы болған кезінде әкемізге кешкі асын жұмысына апарып беретінбіз. Ол жұмысқа берілген, еңбекші жан еді. Оны замандастары мен әріптестері, жұмысшылар қатты сыйлады. Барлығы оны қатал, бірақ тәрбиелі адам болған дейді.

 

1950-55 жылдар аралығында Николай Поляковтың басшылығымен теміржолшылардың балаларына арналып білім ошағы бой көтерді. Ол қазіргі №26 мектеп. Жас мамандарға арнайы жатақхана салынды. Одан бөлек қол астындағы жұмысшылар мен олардың жанұяларына арнап Петропавлда 50  үй тұрғызған. Соның бір пәтері машинист Александр Манинге бұйырған. Ол әділ басшының жақсылығын әлі күнге дейін ұмытпай келеді.

 

Александр Манин, зейнеткер:

-Мен ол кезде машинист қызметін атқарып жүрдім. Отбасындағы жағдайым нашар болатын. Бір бөлмеде менімен зайыбым, 2 балам, шешем және қарындасым тұрды. Николай Поляков соны біреуден естіп, маған Московский көшесінде бой көтерген үйден 3 бөлмелі пәтер берді. Сол жақсылығын өмір бойы ұмытпаймын.

 

Көзі тірісінде Николай Поляков 2 рет Ленин орденін алды. 3 мәрте “КСРО-ның құрметті теміржолшысы” атағына ие болған. 2008 жылы жерлесіміздің құрметіне Петропавлдағы теміржол депосында мемориалдық тақта ашылған. Отбасы мүшелері ескеркішке гүл шоқтарын қойды. Николай Поляковтың 100 жылдық мерейтойы қаңтардың 22-сінде Омбы қаласындағы жеңіс алаңында жалғаспақ. Онда да батырлар мемориалына Поляковтың есімі жазылыпты.

 

Берік Қасен