Бизнес және экономика

Петропавлда үй құрылысы комбинаты салынып жатыр

Қазір “Единствоның” цехтарында ескі бу камераларын бөлшектеу жүріп жатыр. Қаңтар айының соңына қарай бұл жер тегіс алаңға айналады. Кейін кәсіпорынды жаңғырту қызу жалғастырылмақ.

Жаңартылған зауыттың негізінде мамырдың басында үй құрылысы комбинаты ашылады. Бұл өндіріс орнында учаскедегі құрылысты жоспарлаудан бастап, ғимаратты жобалау, темірбетон бұйымдар шығару мен үй салып, оны қолданысқа тапсыруға дейінгі толық қызметтер кешені орындалмақ.

Жобаны жүзеге асыру үшін “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС “Единство” компаниясының жарғылық капиталының бір үлесін сатып алған. Енді ол   құрылтайшы болып саналады.

Бұрын жергілікті тұрғындар қажеттілігіне зауытта шығарылатын өнімдер жетпеген екен. Шикізатты Ресейге жіберіп, кейін олардан сол дайын тауарды қымбатқа сатып алуға тура келген. Темірбетон бұйымдар Астана мен Щучьеден әкелінген. Енді, бұл мәселе шешілген сияқты. Кәсіпорынның жылдық қуаты 130 мың шаршы метр баспана тұрғызуға жетеді деп жоспарланып отыр.

 

Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас диреткоры:

-Бұл жоба тек бүкіл облыстың ғана қажеттілігін қамтамасыз етіп қоймай, Ресейге, әсіресе, Омбы мен Қорған қаласына да экспорттауға жол ашады. Ол үшін құрылысшылармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, өніміміз “Экспо-2017” көрмесінде де сұранысқа ие болатынына сенімдіміз.

 

Зауытқа шетелдік құрылғылар да алынып қойыпты. Олардың көмегімен өнім көлемін өсіріп, сапа деңгейін арттыру көзделіп отыр. Мәселен, күніне шығарылатын 56 сақинаны 90-ға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Осылайша, барлық 20 аталым бойынша өнім көлемі ұлғаймақ. Тағы бір айта кететін жайт, кәсіпорын басшылығы өндіріс барысы арзандап, қоршаған орта үшін қауіпсіз болады дейді.

 

Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:

-Қазір күніне 2-2,5 мВт электр қуатын пайдаланамыз. Зауыт іске қосылғаннан кейін тұтыну мөлшері 0,6-0,7 мВт-қа дейін төмендейді. Бұл тауардың өзіндік және бәсекелік бағасын түсіруге ықпалын тигізеді. Басты көздегенімз – сапа.

 

Жұмысшы саны көбеймей, өндіріс көлемін арттыру мүмкін емес. Алдағы уақытта зауытта жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Александр Кондратов кәсіпорындағы штаттың кеңеюі Елбасының Жолдауда жариялаған талаптарына толығымен сәйкес келеді дейді.

 

Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:

-Жолдауда ұрпақтар сабақтастығы мен шағын бизнестің орта деңгейге көшуі туралы сөз болды. Біз Елбасы осындай тапсырма жүктейтінін сезгендей, желтоқсан айында шағыннан орта бизнеске ауысып қойғанбыз. Қазір нақты 45 адам жұмыс істеп жатыр. Барлық желілерді қосқаннан кейін штат санын 120-130 маманға толықтырамыз деп отырмыз.

 

Жоба құны – 1 миллиард 200 миллион тенге. Оны жүзеге асыруға облыс әкімі Самат Ескендіров зор қолдау танытқан екен. Осылайша, кәсіпорынға 750 млн. теңге несие беріліпті. Сонымен қатар, темірбетон бұйымдар өндірісі 3 жыл бойы мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады. Қаражат көлемі – 102 млн. теңге.

 

Данаш Хамзина