Мәдениет

Этнографиялық көрме

 

Этнографиялық көрмеге келушілерге ұсынылған мұражай заттарының топтамасы қазақ халқының тұрмысы, кәсібі мен қолөнерінен сыр шертеді. Ұлттық киім, әшекей бұйымдары – баға жетпес құнды жәдігерлердің басы 18 ғасырда пайда болған. Көрмеге шығарылған бұйымдар өскелең ұрпақтың төл тарихымызбен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді, – дейді мұражай қызметкерлері.

Көрмеге келушілердің назарына барлығы 200-ге тарта жәдігер ұсынылған. Мұнда ерлердің қамшы, шақша, тұмарынан бастап, әйелдердің белдік, шолпы, түйреуіш, қапсырмасына дейін кездестіресің. Қазақ халқының ұлттық аспаптары да баршылық. Ал келесі бұрышта қазақ киіз үйінің ішкі безендірілуін көруге болады. Онда тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқ, қару-жарақ пен ер-тұрман мұражай қонақтарына ұсынылған.

Қазақ халқының ұлттық тұрмысы, мәдениетінен сыр шертер жәдігерлерімен танысқан өзге ұлт өкілдері ерекше әсер алғандарын айтуда.

 

Анна Хадеева, № 32 орта мектеп оқушысы:

-Бұрындары тек қана кітап беттерінен мағлұмат алсақ, енді құнды жәдігерлерді өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстауға мүмкіндік алдық. Мені барлық жәдігерлердің ішінен әсіресе қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін қамтыған киіз үй қызықтырды. Алдағы уақытта көрме жәдігерлерін достарыммен бірге көруге келемін.

 

Этнографиялық көрме мамыр айының соңына дейін жұмыс істейтін болады. Оның аясында облыс пен қала мектептерінің оқушыларына арнап түрлі мұражай сабақтарын өткізу жоспарда бар.

 

Бақыт Сәдуақасов