Бизнес және экономика

Сапалы тауар арзан бағамен

 

Роза Еслямова ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жібермейді. Ауылдың таза өнімі, май-қаймақ, сүт, үй жұмыртқасы, ет. Жәрмеңкеде керегіңнің бәрін табасың, бағасы да қалта көтереді дейді.

 

Роза Еслямова:

– Жәрмеңке демалыс күндері ұйымдастырылатындықтан барлығына өте ыңғайлы. Және мұндағы ауыл шаруашылығы өнімдері өзге базарларға қарағанда арзан. Бағасы қалта қақпайды. Мен мұннан көбінесе сүт өнімдерін сатып аламын.

 

«Алтын арман» базарында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 3 аудан өз өнімдерін жайды. Ол Ғ.Мүсірепов, Тайынша және Ақжар.  Сүт, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік, сары май, сиыр және қой еттерін әкелген ақжарлықтар 500 мың теңге ақша түсетін шығар деп болжап отыр.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келген халықтың саны аз болған жоқ. Бірі жұмыртқа сатып алу үшін кезекке тұрып жатса, кейбіреулері шабылған еттерді таңдап алуда. Ал, азықтың сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілінен шыққан сияқты.

 

– Мен шұжық пен ірімшікті кіре берістен арзан бағамен сатып аламын. Еттің бағасы қымбаттау, сондықтан оны аса ала бермейміз.

-Мен құс етін алдым. Жәрмеңкеге әрдайым келемін. Тауарлар арзан және жаңа. Бағасы да көңіліме қонымды.

 

Мұндағы әкелінген азық-түліктерді ауылдықтардың өздері өндіреді. Сондықтан да оның бағасы базарларға қарағанда 15-30 пайызға арзан.

 

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Петропавлда әр сенбі сайын ұйымдастырылады. Ондағы өнімдерді солтүстікқазақстандықтар қаламыздың 4 бірдей базары: “Қызылжар-Ақбастау”, “Алтын арман”, “Дария”, “Корона” сауда үйінен сатып ала алады.

 

Бану Ахметова