Спорт

“Самрұқ-2014” автожарысы аяқталды

Қысқы “Самрұқ -2014” әуесқой көлік жүргізушілері  ралли-спринтінің 1-ші кезеңі өңірімізде осымен 2 рет өтуде. Оған Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар қалалары мен жергілікті әуесқой көлік жүргізушілері жиылды. Бастапқыда жарысқа 37 жүргізуші қатысуға ниет білдірсе, соның тек 35-і ғана жарыс жолына шығуға мүмкіндік алды. Бүгінгі ауа райының құбылмалылығына қарамастан раллиді қызықтауға келген жұртшылық қатары да қалың.

Жарысты көкшетаулық Әсет Құдаров пен Сергей Никитин бастады. 4 шақырымдық қашықтықта желдей зулаған қос көліктің ішінен Әсет тізгіндеген темір тұлпар мәре сызығын бірінші кесіп, келесі айналымға өтті.

 

Әсет Құдаров, әуесқой жүргізуші, Көкшетау қаласы:

-Ралли-спринт әуесқой көлік жүргізушілер жарысына жыл сайын қатысып тұрамын. Осы аралықта бірталай жетістіктерге де жеттім. Әрине бәрі қажырлы еңбектің арқасында. Енді жеңімпаз атанғандармен жарысатын боламын.

 

Сергей Никитин, әуесқой жүргізуші, Көкшетау қаласы:

-Шамалы секундттарға ғана қалып қойдым. Бақ шаба ма, бап шаба деген осы ғой. Ауа райы да жолдағы көру мүмкіндігін қиындатып жіберді. Әсіресе бұрылыстарда машинам жолдан ауытқып отырды, содан уақыт жоғалтып алдым.

 

Ал алдыңғы тартпалы көліктердің бәйгесінде Астана, Петропавл мен Көкшетаудың бірден 4 автокөлігі жарысқа түсті. Көрермендерді бірінен соң бірі жүйткіген көліктердің ішінен қай жүргізуші оза шабады деген ой маза бермеді. Ақыр аяғында елордалық Денис Аксенов бәсекелестерінің алдын орап, мәре сызығын бірінші болып кесті.

 

Денис Аксенов, “Самрұқ” ралли-спринті сериясының ұйымдастырушысы, Астана қаласы:

– Бәсекелестерім осал болған жоқ, барынша тырысып бақтым. Ал жарысқа келетін болсақ, барлық қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде. Көлік иелерінің арасында бір нәзік жанды бар.

 

Жарыс қорытындысында артқы тартпалы көліктер бойынша 1-ші орынды 80 ұпаймен астаналық Владимир Казаков пен Николай Филимонов жеңіп алды. Алдыңғы тартпалы көлікте де елордалық спортшылар мықты екендіктерін дәлелдеді. Осылайша Артем Вотчал мен Виталий Вотчал 100 ұпай жиды. Толық тартпалы көліктер тобынан қарағандылық Борис Мачкалян мен Евгений Посохов 100 ұпаймен бірінші орынға жайғасты. Жеңіске жеткендері қаңтар айының аяғында Теміртау қаласында өтетін ралли спринттің 2-ші кезеңінде бақталаспақ.

 

Бақыт Сәдуақасов