Қоғам

Елбасы Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің жиыны

 

Ел Президенті Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауын қаңтардың 17-інде жария етті. Араға бірнеше күн салып, солтүстікқазақстандықтар еліміздің даму жолын айқындаған маңызды құжатты талқылауға келіп отыр. Бүгін Н. Погодин атындағы орыс драма театрына жиналған көпшіліктің арасында әкімдер, мемлекеттік қызметшілерден бөлек, әлеуметтік сала өкілдері – дәрігерлер, мұғалімдер, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен бизнесмендер бар. Өйткені, биылғы жолдау әр саланы қамтыған. Өңір тұрғындарының жоспары айқын, ол – мемлекет басшысының “Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” аталған биылғы жолдауында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Биылғы жолдау негізінен “Қазақстан 2050” стратегиясын жүзеге асыру бағытына арналды. Мемлекет басшысы “Қазақстан-2050 стратегиясының ең басты мақсаты – елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Ол мәңгілік Қазақстан жобасы. Ел тарихына нық қадам басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті болып табылады” деді. Нұрсұлтан Назарбаев 2030 стратегиясының мерзімінен бұрын орындалғанын айта келіп, маңызды құжатта 2050 жылға дейінгі қалған жылдарды жеті басжылдыққа бөлді. Жеті басымдықта дамыған 30 елдің қатарына кіру бағыттарын айқындап, алдымызға нақты міндеттер қойды. Олар: инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу; Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру; Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру; инфрақұрылымдық үштаған – агломерация, көлік, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету; шағын және орта бизнесті дамыту; қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасау; мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру.

 

Инновациялық индустрияландыру аясында алғашқы бесжылдықтың ішінде облыста 30 жоба іске асырылып, 26 млрд теңгенің 26 жобасы жұмысын бастады. Ендігі кезекте индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыруға білек сыбана кірісу керек деді өңір басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен екінші басымдық – агроөнеркәсіп кешенін жаңа инновациялық бағытқа көшіру – өңірге тікелей қатысты тапсырма. Өсімдік шаруашылығындағы озық технологияларды осы күннің өзінде “Зенченко и К” КС, “Тайынша-Астық”, “Астық стем”, “Тұқым”, “Ақселеу”, “Агрохимснаб”, Прометей-агро” ЖШС іске жаратуда. Соңғысы нөлдік немесе ылғал үнемдеу технологиясын пайдаланудың арқасында 5 жыл қатарынан әр гектардан 18 центнерден өнім алып жүр.

 

Юрий Шоль, “Прометей-Агро” ЖШС  директоры:

-Біздің шаруашылық жер өңдеуде, топырақтың құнарлылығын арттыруда озық технологияларды пайдалануда. Нәтижесінде қолайсыз ауа райы жағдайында тұрақты түрде сапалы өнім алудамыз. 5 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Майлы тұқымдастарды өсіруге біраз шығындансақ та, жиналатын өнім көңіл көншітерлік. Жұмысшылардың орташа жалақысы 85 мың теңгені құраса, кейбірі 150 мың теңгеге дейін табыс алып жүр. Ауылдағы әлеуметтік салаға көмек ретінде 5 жылда 11 млн теңге бағыттадық.

 

Мемлекет басшысы жаңа жолдауында әдеттегідей әлеуметтік саланы назарсыз қалдырмады. Көпшілікті жақын жылдарға бекітілген жалақы мен жәрдемақылардың артуы қуантпай қоймағаны анық. Елбасы болашаққа барар жолымыз – қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты екенін атап өтті. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру үшін денсаулық сақтау саласында қолға алынатын шаралар жоспары өңір дәрігерлерін де бей-жай қалдырмаған.

Елбасының Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру тапсырмасы тың бағыттағы шараларды қолға алуға серпін беріп отыр. Бірқатар ғылыми зерттеулердің нәтижесін жергілікті М.Қозыбаев атындағы СҚМУ  биылдың өзінде жария етпек. Оның бірі – озық үлгідегі астық сақтау қоймасы. Ал жергілікті ұстаздар қауымы – Елбасының тапсырмасына сай, ұлттық білім берудің барлық буындарының сапасын жақсартуға кірісіп кетті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға әзірліктерін барлық студенттердің атынан М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 2-курс студенті Екатерина Жукова білдірді.

Бір жыл ішінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға артқан. Мемлекет басшысы Мәңгілік елімізбен бірге ана тіліміз де мәңгілік тіл болатынын атап өтті. Өңір басшысы да өз сөзін осы мәселемен тұйықтады.

Облыс орталығында өткен талқылау онлайн режимінде ұйымдастырылды. Жергілікті телеарналар, оның ішінде муниципалдық телеарна сайтының көмегімен жиынға селекторлық тәртіпте барлық өңір аудандары қосыла алды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева