Билік

Тайынша ауданында екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Тайынша ауданы орталығындағы мына 50 пәтерлі жалдамалы коммуналдық баспана қолданысқа берілуге сақадай сай. Бүгіннен қалмай осының бәрі халық игілігіне тапсырылып, бос ғимаратқа жан бітеді. Үй емес көршіңді сатып ал демекші тұрғындар аңсаған пәтерлеріне кірмес бұрын бір бірімен танысып, құттықтап жатыр. Үйдің айналасы абаттандырылып, ойын алаңқайлары тұрғызылған. Жүздері бал-бұл жанған кішкентай қоныс иелері оның қызығын бірден көріп, әткеншектерде зыр айналып жүр. Қуаныштарына облыс әкімі Самат Ескендіров ортақтасты.

Құрылыс жобасының құны 320 млн. теңгеге жуық. Қаржы республикалық және облыстық қазынадан құйылды. Тұрғынжайдың ірге тасы “Қолжетімді баспана-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылы көтерілган. Өңір жетекшісі су жаңа әлеуметтік пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Кейін Самат Ескендіров қоныстаушылардың шаңырақтарына бас сұғып, құрылыс мердігері “Алтын Тау-НЧ” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қаланған пәтерлердің жалпы аумағы 4193 мың шаршы метрді құрайды. Үш бөлмелі пәтердің бірі ҰОС ардагері, тоқсанның төрінен көрінген Балғожа Сұлтановқа бұйырды. 1941 жылы қаралы күн туғаннан сұм соғысқа аттанып Калинин майданында жаумен алысқан. Ұлы жеңістен соң соналы ғұмырын ауыл шаруашылығын дамытуға арнапты.

Қарт майдангерден тараған әулет 44 адамға жетіпті. Бүгінде бейнеттің зейнетін татып 8 баладан 27 немере 9 шөбере сүйіп отыр.

Жастайынан ата-ана қамқорлығынан айрылған Марат Нұрмықанов та елеусіз қалмады. Ананың жылы алақанын туысқандары алмастырған тұл жетімнің Отан алдындағы борышын орындап келгеніне жарты-ақ ай болыпты. Кіндік қаны тамған туған жеріне оралғанда тұңғыш жеке пәтерінің есігін ашқанына дән разы.

 

Марат Нұрмықанов, Тайынша ауданының тұрғыны:

– Ең алдымен мені далада қалдырмаған тайыншалық атқа мінерлер мен туысқандарыма үлкен алғысымды білдіремін. Ендігі мақсатым- кәсіби әскери мамандық меңгеру. Қазір Петропавлдағы әскери институтқа түсуге құжаттар жинап жатырмын. Бар жағдайлар бар. Енді еш алаңдамай отбасын құруға болады.

 

Жалпы осылайша әлеуметтің әлжуаз тобымен қатар баспанаға зәру болған бюджеттік мекеме мамандары көксегеніне жетті.

Сондай-ақ бұл күні Тайынша қаласында енді бір тұрғын үй қолданысқа берілді. “Қолжетімді баспана” Ұлттық жобасының шарапатын жас отбасылар көрді. Бұрынғы жатақхана ғимаратын жаңғыртуға 513 млн теңгеден артық қаржы жұмсалыпты. Облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алған 4 жас жанұя отағаларының бірі Қайыр Қаппасов. Жас маман үшін қос қуаныш. Кеше ғана екінші ұлдың әкесі атанған. Жары Мақпалмен отасқандарына 6 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында баспана жалдап тұруға мәжбүр болған. Енді өз шаңырағы, жеке пәтерлері бар.

3 қабатты тұрғын үйде 12- екі және тағы сонша үш бөлмелі пәтер бар. Әрбірі заман талабына сай өзіне бөлек дизайнде салыныпты.

 

Жеңіс Ермұқанов