Энергетика

“СевКазЭнерго” АҚ мен еңбек ұжымдары арасында екіжақты келісім-шарттар жасалды

 

«Севказэнерго» компаниясы – әлеуметтік жауапкершілікті басты назарға алғандардың бірі. Кәсіпорынның ішкі саясаты ондағы жұмыскерлермен бірлесе отырып нақтыланады. Олар үш жылда бір рет ұжымдық келісім шарт жасасады. Құжатта бірыңғай жеңілдік, жұмысшыларға төленетін өтемақы секілді қағидаттар көрсетілген. Арада үш жыл өтісімен оны жаңартатын кез келді. Бұл жолғы келісім-шартта жұмысшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа пункттер бар.

 

Светлана Овчинникова, “СевКазЭнерго” АҚ еңбеккерлермен жұмыс басқармасының басшысы:

– Біз жұмысшыларымызға қандай да бір оқыс оқиға орын алған кезде, бала туған жағдайда және зейнеткерлік жасқа жеткен шақта бір реттік ақшалай көмек көрсетеміз. Ол жаңа келісім шартта да жан-жақты қарастырылған. Яғни сома құны өсті. Сонымен қатар ардагерлерімізге көрсетілетін көмектің де құны артты

 

Жаңа келісім-шарт екі жақты жасалды. Яғни компания мен ондағы еңбеккерлер арасында. Басты құжатта сондай-ақ зиянды және денсаулыққа қауіпті аумақтарда еңбек ететіндердің жалақысын көтеру де көрсетілген. Баспана жалдап тұратындарға да пәтерақының жарты құнын компания төлейді. Осылардың бәрі келісім-шартта тайға таңба басқандай болып көрсетілген.

 

Наталья Гриднева, “СК РЭК” АҚ кәсіподақ ұйымының төрайымы:

– Еңбек жағдайы мен жұмысшылардың тұрмыс деңгейі бір-біріне сай болуы шарт. Ол Елбасының алға қойған тапсырмасы. Оны жүзеге асыруда ұжымдық келісім-шарттардың пайдалы тұстары көп. Оның үстіне құжат жұмысшыларды әлеуметтік қамсыздандыруға да мол мүмкіндік береді.

 

Екі жақты келісім-шарт жасалып қол қойылды, мөрмен бекітілді. Бұдан соң компания төрағасы алдағы үш жылда қазіргі ұжымды сақтап қана қоймай, оны жас мамандармен толықтыру тұрғысында да жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.

 

Еділ Қапенов,”СевКазЭнерго” АҚ басқарма төрағасы:

-Қазір оқу орындарымен әңгіме жүргізіп жатырмыз, бізді білікті кадрмен қамтамасыз ету тұрғысында. Біз жас мамандардың ақырғы жылғы оқу ақысын төлеп береміз. Артынша олар компаниямызда еңбек ететін болады. Бұл жаңашылдықты биылдан бастап тәжірибеге ендіреміз деп ойлаймын. Ол кадр тапшылығын сезінбеу үшін қажет.

 

Бүгінгі таңда «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамында еңбек ететін жұмысшылардың жалпы саны 2,5 мыңның үстінде. Ұжымдық келісім-шарт олардың барлығын қамтиды.

 

Самат Есмағи