Спорт

Петропавлда республикалық автораллидің алғашқы кезеңі басталды

 

Қысқы “Самрұқ -2014” әуесқой көлік жүргізушілер ралли-спринтіне Анна Ермалаева Астана қаласынан арнайы келіпті. Спорт түріне бет бұрғанына 4 жылдай уақыт болса да, ол ралли-спринттен спорт шеберіне үміткер. Анна жарысқа қатысушылардың ішіндегі жалғыз нәзік жанды.

 

Анна Ермалаева, әуесқой жүргізуші, Астана қаласы:

-Осыдан 4 жыл бұрын ралли жарысын тамашалауға келген едім. Содан бастап қызығушылығым оянып, өзім де қатыссам деген ой туды. Жетістіктерім де баршылық. Өзіме қатты ұнайды. Айтарым нәзік жандылар да осы спорт түріне бет бұрса деймін.

 

Максим Волосков сайысқа көлік жүргізушілердің қысқы ашық кубогы құрылған кезден бастап қатысып келеді. Осы уақыт ішінде талай көлікті тізгіндеп, қыр-сырын меңгерген Максим өзінің “Субару импреза” атты темір тұлпарының бұл жолы да жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік беретініне сенімді.

 

Максим Волосков, әуесқой жүргізуші, Астана қаласы:

Жол жаман емес, жылдамдықты асырып, бұрылыстарда машинаны сынап жатырмыз. 300 аттың күші бар темір тұлпарымның жеңіс төрінен көрінетініне сенімдімін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін.

 

Көлік жүргізуде өз істерінің 37 хас шебері ертең раллиден өтетін жарыста бақтарын сынайтын болады. Соның ішінде әуесқой көлік жүргізушілердің 7-уі жерлестеріміз. Оның 1-уі кәсіби жүргізуші болса, қалғаны жас жүргізушілер екен. Айта кету керек, сайыс осымен қаламызда екінші рет өтпекші.

 

Денис Аксенов, әуесқой жүргізуші, Астана қаласы:

-Бастапқыда көлік жүргізуде өз істерінің шеберлері аз болатын. Ал қазір жыл сайын қатысушылар саны біртіндеп өсуде. Көліктерді өздеріңіз көріп тұрсыздар, түр – түрін кездестіресің. Ертеңгі жарыстан үлкен үміт күтеміз.

 

Әуесқой жүргізушілер ертеңгі жарыста өзара мықтыны анықтамақ. Жеңіске жеткендері Теміртау қаласында өтетін Республикалық ашық кубокта бақ сынау мүмкіндігіне ие болады.

 

Бақыт Сәдуақасов