Құқық қорғау органдары

Мемлекетке борышты өндіріп алу шарасы

Сот орындаушылары мына жеңіл көліктің жүруіне тыйым салынды деген анықтаманы жапсыру үшін біраз әуреленді. Күзден бері от алдырылмаған темір тұлпар қар астында көміліп қалған. Иесінің мемлекет алдындағы қомақты қарызы бар.

 

Бахтияр Биқанов, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

-Іздеу жарияланған бұл азаматты табу үшін қаржы полицейлері 338 мың теңге жұмсаған. Ол жалған кәсіпкерлікпен айналысты деп айыпталды. Қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін Ресей Федерациясында жасырынған.

 

Берешекті өндіру үшін іздеудегі азаматтың «Мазда-626» маркалы көлігі саудаға қойылатын болады. Ал мына қала тұрғынының атында 19 көлік нысаны тіркелген. Алайда бірінің де былтырғы салығы төленбепті.

 

-Шетелден авто тасымалдаумен айналысамын. Шекарада тіркелу үшін маған ол көліктерге кепілдеме беріледі. Кейін сол кепілхатпен сатылған болар. Аталған машиналардың бірі де менде жоқ. Жартысы жөнінде сіздерден естіп тұрмын. Әлі күнге дейін айыппұлдары маған келіп жатыр.

 

Істің насырға шауып, сан соғып қалатынымды ойламадым деп қаншалықты ақталғанымен соттың шешімі бар. Жауапты тұлға заңға сәйкес үкіммен келіспейтіндігі жөнінде еш әрекет жасамаған. Жалпы былтыр сот орындаушыларының өндірісінен 3 млрд теңгеден астам 86 мыңға жуық іс өткен. Оның 51 мыңы жүзеге асырылып борыштың 2 млрд. теңгесі қайтарылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов