Мәдениет

Фарфор көрмесі

 

“Шағын пластика” деп аталатын қатты фарфордан жасалған 100-ден астам бұл жеке топтаманы қаламыздың тұрғыны коллекционер ұсынған. Бірақ, ол өз атын құпия күйінде қалдырыпты. Тарихтан сыр шеретін бұл жәдігерлерді ол әр елден жинау үшін өмірінің бірнеше 10 жылдығын арнапты. Залдағы экспонаттардың басым көпшілігі Қытай, Дания, Чехословакия, Германия сынды елдерден әкелінген. Кейбіреуін арнайы дүкендерден қыруар қаржыға сатып алса, енді бірін ғаламтор арқылы тапқан. Сондықтан, мамандар оның барлығын да қазіргі күнде баламасы жоқ өте құнды колекциялардың қатарына жатқызып отыр.

 

Жібек Жүзенова, облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:

-Бұл көрмені қаламыздың тұрғыны, жеке топтама жинаушы өз есімін жария еткісі келмейді, сондықтан біз оның есімі құпия күйінде қалдырамыз. Фарфор өнер жалпы өте қызықты екен. Біз осыған дейін ол затты тек ыдыс-аяқ күйінде ғана қабылдап үйреніп қалыппыз. Ал, одан неше түрлі мүсіндер жасауға болатынын осы көрмеден көріп тұрмыз. Жанр түрлерінен ден орындау техникасы жағынан да өте әдемі, сәнді.

 

Жалпы фарфор 4-6 ғ.ғ. аралығында Қытайда пайда болған деген деректер бар. Сол кезде қатты фарфор өндірісі жайлы мағлұматтар құпия түрде сақталыпты, оны жариялаған адамға өлім жазасы кесілген. Фарфор әсіресе Еуропа халқын қатты қызықтырған. Сондықтан олар “қытай құпиясын” түрлі амалдарға барып білмек болған деседі. Кейін Қытай мен Еуропа елдері арасында сауданың дамуына байланысты Қытай елі фарфорды экспортқа шығара бастапты. Негізінен жан-жаққа осындай шағын мүсіндер таралған. Бірақ бұйымға дәулетті адамдардың ғана қолы жеткен.

 

Евгения Тыщенко, облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:

-Мәселен, мына қос қуыршақ қыздардың мүсіні Англияда жасалыпты. Біреуінде аристрократтық киім үлгісі болса, енді бірін қарапайым шаруа қызының мүсіні бедерленіпті. Бұл қоғамда әрқашан әлеуметтік теңсіздіктің болғанын айтады. Және өткен ғасырларда мүсіншілер көбінесе фарфор мүсіндерді бай-шонжар мен қарапайым отбасыдан шыққан қыздардың келбеті мен киген киіміне қарап жасаған.

 

Тарих қойнауына бойлаған мазмұнды көрме ағымдағы айдың соңына дейін жалғаспақ.

 

Берік Қасен