Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады

 

Әрбір азамат Елбасының жолдауын жыл бойы асыға күтеді. Өйткені, ондағы басымдықтар қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де зор қызығушылығын тудыратыны рас.

Елбасының айтқан сөзі кейін нақты іспен дәлелденеді. Бұл жерде оның көрегенделігін ерекше атап өткен жөн. Оған дәлел – бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруіміз. Осының бәріне Мен куәмін дейді “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев.

 

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Енді, алда үлкен меже, үлкен асу тұр. Ол – алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ену. Міне, соған қалай жетеміз, қандай жолдар бар, соның бәрін Елбасы бүгін тәптіштеп айтып өтті. Жалпы, Жолдаудың негізгі бағыты, ол – экономикамызды дамыту, сосын әлеуметтік салаларды дамыту.

 

Ел ағасын Елбасының білім мен ғылымға қолдау көрсету туралы айтқан сөзі ерекше қуантқан.

 

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Бүгін естігенім – алдымен ғылымның дамуына көп жағдай жасау керек деп жатыр Президент. Расында, ғылым дамыса, әр түрлі ғылыми жаңалықтар ашылады, еліміз де дамиды, білім сапасын көтеру керек деп жатыр. Менің айтайын дегенім – Жолдаудың орындалу тетігі – бірлікте.

 

Денсаулық сақтау саласы да басты назарда. Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын ұстану және медицинаның кадрлық-технологиялық тұсын дамыту қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 84 жасқа жеткізеді деді. Осылайша, қазақ елі медициналық туризмнің орталығына айналмақ. Теріскей дәрігерлері жаңалықты қуанышпен қабылдады.

 

Юрий Белоног,облыстық аурухананың бас дәрігері:

-Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі ауқымды міндеттер қояды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жағдайын ешқашан ұмытқан емес. Оның Үкіметке 2015 жылдың 1-ші шілдесінен бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға көтеру туралы тапсырмасы бізді ерекше жігерлендірді.

 

Саяси құжатта шағын бизнестің дамуы да көрініс тапты. Президент бизнесті отбасылық дәстүрге айналдыру қажет деді. Бұны ести сала солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер идеяны бірден негізге алған сыңайлы.

 

Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Бұл тұста екі бағытта жұмыс істеу керек. Ең алдымен, отбасылық бизнестің құндылықтары жайлы насихаттау керек. Екіншісі, бизнеске балалық шақтан баулып, оның маңыздылығын ата-аналар қауымына түсіндіруіміз қажет.

 

Жолдаудың тағы бір маңызды тұсы – 2050 жылы шағын және орта бизнес Қазақстан ішкі жалпы өнімінің 50 пайызын өндіруі тиіс. Болжамның іске асатынына облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері нық сенімде.

 

Данаш Хамзина