Спорт

Жас каратэшілер жеңісі

Өткен жылдың 16 желтоқсанында бастау алған кекушинкай каратэдан ашық ел чемпионаты екі турға бөлінген. Оның алғашқысында 16 жастан асқан бойжеткендер мен әйелдер жас санаты бойынша өзара күш сынасты. Жарысқа жалпы 12 өңірден жиыны 150 спортшы қатысты. Біздің өңірдің намысын қорғаған 5 қыз – 1 алтын, 2 қола жүлдені жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-ші орынға тұрақтаған. Нәзік жандардың ең мықтылары сол алаңнан бірден ұлттық құрама сапына қабылданыпты. Оның арасында 10 жылын кекушинкай каратэге арнаған жерлесіміз Александра Жангазина да бар. Ол Қарағанды қаласында өткен ел чемпионатында спорт шеберіне үміткер дәрежесіне ие болыпты.

 

Евгений Дулов, Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының СҚОФ бас жаттықтырушысы:

-Бұл ел құрамасына іріктеу кезеңі болғандықтан, қыздар арасындағы сайыс өте қызу өтті. Онда Александра Жангазина мен үйреткен барлық әдістерді орынды қолданып, өзге қарсыластарына қарағанда бас төрешілердің назарына бірден ілікті. Енді ол Ақтау қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.

 

Кекушинкай каратэнің екінші кезеңі 12 жастан асқан жасөспірімдер мен ерлерге арналды. Шымкентте өткен бұл додада 13 облыстан 350-ге жуық тепсе темір үзетін шын мықтылар сайысты. Солтүстіктің үмітін үкілеген 15 жігіт сол жарыстан бірден қоржынға түрлі дәрежедегі 7 жүлде салды. Оның ішінде алтыны 2-еу. Ел көлемінде алдыңғы жылы жалпыкомандалық есепте 5-ші орында болсақ, биыл 4-шісіне тұрақтадық. Бұл жеңісте Аян Тортаевтың да үлесі бар. Ол республикалық маңыздағы додаға 2-ші рет қатысып, алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізді.

 

Аян Тортаев, Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының СҚОФ тәрбиеленушісі:

-ҚР-сының чемпионатында 3-ші орын алғаным үшін ең алдымен өз бапкеріме алғыс айтамын. Ол мені осындай үлкен жарыстарға 7 жыл дайындады. Бұл менің ең жақсы көретін спортым. Сондықтан, мен каратэмен шұғылдануды доғармаймын.

 

Қазір спортшы Жапония мен Испанияда өтетін дүбірлі жарыстарға әзірленіп жатыр. Жақында жарыс бізде де өтпек. Бірақ ол спортқа енді ғана аяқ басқан балғындарға арналмақ. 26 қаңтарда теріскейде өтетін кекушинкай каратэден облыстық чемпионатқа 400-ден астам балғын қатысады деп күтілуде.

 

Берік Қасен