Өнеркәсіп

“Мұнаймаш” өнім өндіру көлемін арттыруда

 

“Мұнаймаш” зауытының мына өндірістік цехы толықтай жаңартылған. Ондағы заманауи қондырғылар 2012 жылы алыныпты. Алайда шетелдің озық үлгілері тек былтырдан ғана толық қуатта жұмыс жасай бастаған.

 

Федор Дмитриев, “Мұнаймаш” АҚ бас инженері:

– “Өнімділік 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңгенің лизингін алдық. 12 қондырғы Жапония, АҚШ пен Бразилия елдерінің өнертабысы. Тың бастама индустрияландыру картасы аясында бірқатар инновациялық жобаны қолға алу мүмкіндігін ашты. Осылайша өндіріс циклін 80 пайызға қысқартуға, тауар құнын арзандатып, қазақстандық үлесті арттыруға мүмкіндік береді.

 

Толықтай автоматтандырылған жабдықтардың артықшылығын іс жүзінде көріп жүргендердің бірі – Оралбек Балғабаев. Ол еңбек өтілінің 30 жылын темір ұштауға арнаған тәжірибелі қырнаушы. Аталмыш зауытта нәпақасын тауып жүргеніне 6 жыл болыпты. Бұрындары оған  болатты кесіп, жонып, дайын өнім шығаруға бірнеше станок қажет болған. Енді оны бір ғана қондырғымен жасап шығарады.

Жаңашылдық уақыт үнемдеуден бұрын өндіріс көлемін ұлғайтуға сеп болған. Қазақстанда баламасы жоқ бірегей зауыт мұнай саласына аса қажетті қондырғылардың 30-дан артық түрін құрастырады екен. Негізінен жер асты бұрғылау жұмысында таптырмас жабдықтар өндіреді. Сондықтан сұраныс та мол. Бүгінде толықтай тек Отандық алпауыт компаниялардың тапсырысын орындайды. Былтырға межеленген шаруа ауқымы толықтай еңсеріліпті.

 

Федор Дмитриев, “Мұнаймаш” АҚ бас инженері:

-2013 жылы 3,3 млрд теңгенің тапсырысын орындадық. Бұл 2012 жылдың өндіріс көлемінен 30 пайызға артық. Барлығын уақытында аяқтадық. Сондай-ақ бірқатар мұнай-газ компанияларымен ұзақ жылғы келісімдерге тұрдық. Әрбірімен кемінде екі жылға шарт жасастық. 5 жылға дейін бізбен жұмыс жасағысы келетіндер де бар.

 

Бүгінде сұранысты қанағаттандыру үшін 142 маман үш ауысым бойы еңбек етуде. Орташа жалақылары 130 мың теңгені құрайды.

 

Жеңіс Ермұқанов