Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

 

Ең алдымен өңір жетекшісі жиналғандарға денсаулық сақтау басқармасының басшысын таныстырды. Бұл қызметке осыған дейін 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері болған Қабдырахман Сақтағанов тағайындалды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Қабдырахман Еркінұлы 1962 жылы бұрынғы Ленин ауданындағы Ильинка ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1984 жылы Петропавлдағы 1-ші қалалық ауруханадан бастады. Осыған дейін талай жауапты қызметтерді атқарды, соңғы қызметі 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері болды. Медицина ғылымдарының кандидаты атағын алған.

 

Бұрын бұл салаға 2 жылдан астам уақыт жетекшілік еткен Анатолий Ко СҚО медициналық және фармацевтикалық істі бақылау департаментінің басшылығына тағайындалған.

Бұдан соң күн тәртібіндегі негізгі мәселе қаралды. Қазіргі таңда денсаулық саласына көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын қаржыландыру көлемі де артып отыр. Айталық өткен жылы денсаулық сақтау саласына 19,8 млрд теңге бағытталған. Бұл 2012-ші жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Жылқы жылында аталмыш саланы қаржыландыруға 20 млрд теңгеден астам қаражат бағытталыпты. Қазіргі күні 4 ауданда 250 орынға шақталған емханалардың құрылысы жүргізілуде. Биыл өңірімізде ашылған кардиологиялдық орталыққа 5 жыл толыпты. Бүгіндері мұнда 40 дәрігер және 200- ден астам орта медициналық персонал қызмет етеді. Қазіргі күні дәрігерлер аса күрделі оталарды ешкімге жалтақтамай- ақ өздері өткізуде. Әрдайым біліктіліктерін арттырып, жаңа әдістемелік құралдарды қолданады. Өткен жылы орталықта 6 мыңнан астам адам ем қабылдаған. Десе де мұнда әлі шешімін таппаған біраз мәселелер бар.

 

Азамат Мағзұмов, Кардиологиялқ орталықтың бас дәрігері:

– Емдеу мекемемізде қарқынды-терапия блогында асқынған миокард  инфаркты диагнозымен жатқан 7-8 ауру бар. Қазіргі күні құрылғылар ескірді, сондықтан жаңа құрылғы алу қажет. Ол 28 млн теңге шамасында. Былтыр орталыққа келген 4 жас маманды баспанамен қамту мәселесі қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Және соңғы мәселе – орталықтың 4-ші қабатында орналасқан терапия бөлімшесіне жөндеу жүргізу керек.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Блогка келетін болсақ. Егер орталықтың барлық бөлімдерін қалыпқа келтірсек, онда оған қаржы табуға тиіспіз. Елбасы халық денсаулығын жақсартуды тапсырды. Сондықтан ең алдымен осы қағиданы бетке ұстау керек.

 

Жиында онкологиялық диспансердің бас дәрігері де сөз сөйледі. Биыл емдеу мекемесі 5150 ауруға қызмет көрсеткен. Науқастардың ішінде өкпе ісігіне шалдыққандардың саны 46 пайызды құрайды. 170 орынға шақталған ауруханада өткен жылы ауруларды ерте кезеңде анықтау, емдеумен қамту жолға қойылыпты. Қазіргі күні мұнда 2-3 дәрігер жетіспейді. Жиында Шал ақын аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрәлі Абуовтың да есебі тыңдалды.

 

Нұрәлі Абуов, Шал ақын аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

-Шал ақын аудандық орталық ауруханасы 87 орынға шақталған.

 

Бұл аудандық емдеу мекемесінде де кадр тапшылығы байқалады. Жағдайдан хабардар өңір жетекшісі медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, кадр тапшылығын реттеуді жүктеді.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

– Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру дегеніміз – қолда бар мүмкіндіктермен, яғни өзімізде бар материалдық-техникалық базамен халыққа сапалы қызмет көрсету.

 

Жиын соңында өңір жетекшісі ақ халатты абзал жандардың назарын солтүстікқазақстандықтардан келіп түсетін шағымдарға аударды. Өйткені облыс тұрғындарының көбіне медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайды екен. Сондықтан да қазіргі күні медициналық қызмет көрсету сапасына шағымы барлар облыс әкімінің блогына өз өтініштерін тастай алады. Бүгінде бұл жүйе қызу жұмыс істеп тұр.Кез келген солтүстікқазақстандық азамат өз бұйымтайын онлайн режимде жолдай алады.

 

Мағжан Ахмадина