Ауыл шаруашылығы

Мал баққанға бітеді

 

Ата кәсібімізді жандандыруды қолға алған өңір кәсіпорындарының бірі – «Мәмбетов и К» КС. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін шаруашылыққа 2012 жылы Америкадан ангус тұқымды 200 тайынша мен 6 бұқа жеткізілген. Биыл зеңгібаба тұқымы теріскейдің екінші қысын бастан өткеруде. Мына тайыншалар шаруашылыққа келген шетелдік малдың алғашқы төлі.

 

Арман Дәулетов,«Мәмбетов и К» КС бас технологы:

-Қазір бізде 400 бас бар. Олардың 190-ы сиырлар. 49  бас құнажын бар. Жем-азық талғамай жей береді. 2 рет шөп беремі,. 2 рет сенаж береміз.

 

Мұхит асып келген ірі қара теріскейдің ауа райына тез бейімделген. Бүгінде америкалық сиырлар екінші рет төлдеген. Шетелден әкелген малдың салмақ жинауы жергілікті төлден 1,5 есе жылдам. Бір жыл ішінде олар 400 келіден астам салмақ қосады екен. 2013 жылдың жазында серіктестік аукцион өткізіп, 40 бас ірі қараны сатылымға қойған. Дегенмен, олардың тек 20-сы ғана иесін тапқан.

 

Константин Мишенев, «Мәмбетов и К» КС директоры:

– Бұл тұрғындардың әлі күнге дейін тұқымның артықшылығын түсінбегендіктен болып отыр. БАҚ-та бұл жайлы үнемі айтылады. Алайда біз әлі күнге дейін өзімізден мал алмай, оны Австралиядан, АҚШ-тан әкелеміз. Сондықтан тиісті шара қолданбаса болмайды. Қазір осы бағытта алға ілгерілеушілік байқалуда.

 

Бүгіндері серіктестік басшысы мал басын 1000-ға жеткізуді көздеген. Бұған қоса мұнда жылқы шаруашылығын дамыту да қолға алынған. Қазір серіктестікте 150-ге жуық қамбар ата төлі бар. «Мәмбетов и К» КС жем-шөппен қамтылу жөнінен де қиындықтар туындамайды. Мұнда егін шаруашылғы да ақсап тұрған жоқ.

 

Константин Мишенев, «Мәмбетов и К» КС директоры:

-Агроқұрылым өткен жылы 18 мың га жерге егін егіпті. 13 мың га-ға бидай сіңірілсе, қалғанын майлы дәнді дақылдар мен көпжылдық өсімдіктер құрады. Биыл өнімділік өткен жылғылармен салыстырғанда төмен болды. Центнерден 16 га бидай алдық.

 

Бүгіндері мал шаруашылығын дамытамын дегендерге мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Соны дер кезінде пайдаланған серіктестіктің тасы өрге домалаған. Ол ауылдықтар үшін де тиімді. Жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 240 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал жазғы уақытта кәсіпорынға қосымша 120 адам алынады екен. Жалпы мұнда жұмыскерлерге жақсы жағдай жасалған. Жыл сайын серіктестікте еңбек ететіндерге үй тұрғызылады.

 

Мағжан Ахмадина