Денсаулық сақтау

«Денсаулық» мекемесі 2013 жылдың “Сала көшбасшысы” атанды

 

“Денсаулық” жеке меншік коммерциялық емес мекемесі тұрғындарға медициналық көмектің 20 түрін көрсетеді. Олар респубилка бойынша жалғыз көпсалалы емхана. Сонымен қатар мекеме бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне кіреді. Емханаға түсетін қаражат мекемеге қажетті жөндеу жұмыстары мен материалдық базаны жаңартуға жұмсалады. Мәселен былтыр бірнеше жаңа аппарат сатып алыныпты.

 

Қадырбек Болатбаев, “Денсаулық” жеке меншік коммерциялық емес мекемесінің директоры:

– Былтыр біз 12 млн теңгеге емхананың шатырын жаңасына ауыстырдық. Нақты қызметімізді алсақ, ФГДС аппараты, микроскоп, тағы басқа жабдықтарға қол жеткіздік. Бүгінде барлық емдеу мекемелері электрондық жүйеге көшіп жатқандықтан, былтыр 5 компьютер алынды. Алда тағы 7-еуін сатып аламыз деген жоспар бар.

 

1997 жылдан бері халыққа медициналық көмек көрсетіп келе жатқан көпсалалы емхана өткен жылдың қорытындысы бойынша “Сала көшбасшысы-2013” атағын алды. Сонымен қатар мұндағы бас дәрігердің еңбегі ескеріліп “Қазақстан даңқы” орденімен марапатталыпты. Дегенмен өзге денсаулық сақтау мекемелеріне ортақ проблема – кадр тапшылығы мұнда да байқалады. Сондықтан олар дәрігерлерді өз қаржымыз есебінен оқытуға тырысудамыз дейді.

 

Қадырбек Болатбаев, “Денсаулық” жеке меншік коммерциялық емес мекемесінің директоры:

– Бізге учаскелік екі терапевт дәрігер  қажет. Қалған жұмысшылар жеткілікті. Кезінде кадр тапшылығын болдырмау үшін 5 азаматты өзіміз оқыттық. Қазір олар осы мекемеде қызмет етуде.

 

“Еңбегіне қарай өнбегі” демекші, емхана директорының орынбасары Нина Зеленская «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» салалық медалімен марапатталыпты. Ақ халатты абзал жан денсаулық сақтау жүйесіне 34 жылын арнапты. Ал, терапия бөлімшесінің меңгерушісі Ермек Сандыбаева “Жыл маманы” ұлттық сертификатына ие болған. Дәрігер бұл жетістігіміз біздің жұмысымызға серпін береді дейді.

 

Ермек Сандыбаева, “Денсаулық” жеке менші коммерциялық емес мекемесінің терапия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Медицина саласында 20 жылдан бері еңбек етемін. Өте қуаныштымын, осындай марапатқа ие болғаныма. Алдағы уақытта да аянбай қызмет етеміз.

 

Бүгінде бұл мекемеде 120 адам еңбек етеді. Оның ішінде 26 дәрігер қаламыздағы 24 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.

 

Бану Ахметова