ТЖ

Қысқы жолдардың жағдайы назарда

 

МТЗ-82 тракторын тізгіндеген мына механизатордың есімі Анатолий Фисенко. Оның ДЭУ-63 серіктестігінде еңбек еткеніне 26 жыл. Содан бері ол өңіріміз арқылы өтетін республикалық маңызы бар тас жолдың жағдайын қадағалап келеді. Жаз уақытында жол жөндеу жұмыстарына жұмылдырылса, қыста оларды қардан тазартады.

 

Анатолий Фисенко, механизатор:

-Ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде күні-түні жұмысқа шығамыз. Қар басқан жолдарды аршып, батып немесе сынып қалған техникаларға көмектесеміз. Негізгі міндетіміз қыс уақытында адамдардың жол үстінде үсіп қалмауын қамтамасыз ету.

 

Облысымыз арқылы өтетін республикалық маңызы бар тас жолдың жалпы ұзындығы 1468 шақырымды құрайды. Ал қысы-жазы олардың жағдайын қадағалап, үздіксіз қатынасты қамтамасыз ету ДЭУ-63 кәсіпорнының мойнына жүктелген. Жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып жатыр дейді серіктестік мамандары.

Теріскейдің қысы қытымыр. Сондықтан қамдансаң, қапы қалмайсың деген қағида қашан да қаперіңізде жүрген абзал. Әсіресе ол көлікпен жолға шығатын жолаушыларға қатысты. Биылғы қыс жұмсақ басталғанымен де алайда тас жол бойында бірталай төтенше жағдай орын алыпты.

 

Рүстем Жұмағалиев,СҚО ТЖД бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы:

-Қыс басталғалы жол үстінде көліктердің тұрып қалуының 18 оқиғасы орын алды. Оның бесеуі оппа қарда батып қалу болса, осынша жәйт дизель отынының қатуы бойынша тіркелді. Олардың негізі облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда тіркелді. Адам шығыны жоқ.

 

Өткен жылдың қыс мезгілінде тас жолдарда 175 төтенше жағдай орын алған. Нәтижесінде қар құрсауынан 951 адам мен 421 техника босатылған. Сақтансаң сақтармын деген қағиданы ұстанған жөн. Қыс уақытында жол үстінде қандай да бір оқиға орын ала қалса, байланыстың кез-келген түрімен 112 телефонына қоңырау шалу қажет. Мамандар жолға шықпас бұрын ауа райы туралы кез-келген мәліметке құлақ түре жүру қажеттігін ескертеді.

 

Самат Есмағи